Апитерапия орталығын ашпақ
Апитерапия орталығын ашпақ
336
оқылды
Жамбыл облысында омарташылықты кәсіп қылғандардың қарасы қалың. Алайда осынау ерекше кәсіпті нәсібіне айналдырып, тәтті өнім шығару екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Десе де араның күтімін жасап, тың кәсіп түрін ашуға ниетті шаруалар да бар. Солардың бірі – қордайлық Жанат Көрпебаев. Бастапқыда балапан бағып, одан кейін асылтұқымды иттің бабын тапқан Жанат кейін достарының кеңесімен ара шаруашылығын қолға ала бастайды. Алғашқыда бір-екі ұя қойып, уақыт өте олардың санын көбейтеді. Нәтижесінде, бір маусымда бір ара омартасынан бір шелек бал ала бастайды. Десе де Жанат кәсібін бастау үшін біраз шығынға батқан. Арнайы тіркеме, қолданыста болған ұя мен ара омартасын сатып алу үшін бас-аяғы 2 000 доллар ақша жұмсаған. Алғашқы жылы жиналған өнімін өткізген омарташы шыққан шығынның жартысын ғана қайтарыпты. Алайда жанармай, қосымша құрал-жабдық пен қантқа жұмсалған шығын бизнесін толықтай дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бермеген. Оған қоса, ол кезде Жанат ара санын көбейткені үшін мемлекеттен субсидия ала алмаған екен. Өйткені ол тұста мемлекеттік қолдауға қол жеткізу үшін ұя саны 100-ден кем болмауы керек болған. Дегенмен 2017 жылы субсидия ережесіне өзгеріс енгізіліп, 10-нан жоғары ара отбасы бар шаруалар субсидия ала бастайды. Осылайша,  субсидия шарапатын көрген омарташы бизнестің бұл түріне білек сыбана кіріседі. Бүгінде Жанаттың асылтұқымды 150 ара омартасы бар. Олар жылына 4 тоннадан астам бал шығарады. Балдан түскен табысының басым бөлігін ара шаруашылығын кеңейтуге жұмсайды. Мол табыстың арқасында қазір Жанат бал шайқағыш пен мырышпен қапталған арнайы құрал-жабдықтар сатып алған. Жанат кәсібін дамыту үшін мемлекеттік грант та алған. Ол арнайы курстан өтіп, теориялық білімін жетілдірген. Қолға алған кәсібінің білікті маманы атанған Жанат «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында омарташылар курсында дәріс береді. Мұнда келушілерге ара шаруашылығы өнімдерін өндіру кезінде барынша мол өнім алуға қажетті зоотехникалық жұмыстарды жүргізу, құжаттарды дұрыс рәсімдеу және тұқымдық будандастыру жоспарын орындауды үйретіп келеді. Осылайша, білгенімен бөліскен бизнесмен омарташылық оңай кәсіп емес екенін айтады.
– Алғашқы жылы аралар қыстан әрең шыққанда кәсібімді одан әрі алып кете аламын ба деп көп ойландым. Алайда қиындықты жеңіп, келер жылы кемшіліктердің орнын толтырдым. Карантин кезінде де шаруашылықты жүргізу қиынға соқты. Себебі араларды ұяларынан шығару қиын болды. Десе де бұл қиындықты да еңсердік. Ең бірінші адамға ынта керек. Сол кезде бағындырмайтын белес, алып кете алмайтын кәсіп болмайды, – дейді Жанат.
Кәсіпкер алдағы уақытта бизнесін жаңа бағытта жандандырмақшы. Ол үшін Жанат апитерапиялық сауықтыру кешенін ашуды көздеуде.
– Апитерапия – ауруларды тірі аралармен және ара шаруашылығы өнімдерімен емдеудің бір түрі. Бұл ем түрлі күйзеліс, депрессия, қан қысымының көтерілуі, иммунитеттің төмендеуі, жүрек-тамыр аурулары сияқты дерттерге таптырмас шипа. Әзірге Жамбылда апитерапия орталығы жоқ. Алайда ара үйшігінің үстінде жатқан адам олардың гуілінен жағымды тербеліс сезіп, жаны тыншиды. Ұялардың ішіндегі ауа прополиске қаныққан, оның да шипалық қасиеттері көп. Мұнда кем дегенде 3 сағат жатып демалу қажет. Бұл ағзаны жалпы жағымсыз дүниелерден тазартады, – дейді омарташы.
Осынау айрықша жобаның медициналық тиімділігі дәлелденсе, ара шаруашылығы жаңа сипатта дамитынына күмән жоқ.