Баға реттеліп келеді

баға

«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанынан азық-түлік бағасын бақылау мақсатында мониторинг топтары құрылған болатын. Бұл топ мүшелері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына мониторинг жүргізу үшін апта сайын сауда орындарына рейд ұйымдастырады. Кеше Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда ойын-сауық орталғындағы «Северный» сауда желісі арқылы сатылып жатқан азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді.

Партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комитеті бүгінде халықты толғандырған – бағаны тұрақтандыру мәселесіне баса назар аударып отыр. Бұған дейін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның өңірлердегі филиалдарымен азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар бағасын көтеру мәселесін талқылаған болатын. Асхат Оралов атап өткеніндей, елімізде инфляцияның жылдам өсуі салдарынан сауда жүйесіндегі делдалдар мен алыпсатарлар бағаны күрт қымбаттатты. Осыған орай, партия басшылығының тапсырмасымен еліміздің барлық облыстары мен аудандарында 216 партиялық мониторинг тобы өз жұмысын бастаған еді. Олардың міндетіне сауда нүктелеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын күнделікті бақылау кіреді.

Солтүстік Қазақстан облысында осы жұмысты қолға алған партия мүшелері бүгінгі күнге дейін жүзден астам шара ұйымдастырды. «Северный» сауда желісін аралау барысында мониторинг тобы бағаның біршама тұрақталғанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен аптамен салыстырғанда сұйық май, ұн, қант арзандапты. Қанттың әр келісі 500 теңгеден ешқандай шектеусіз саудаланып жатыр. Есесіне картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз бір қолға 5 келіден артық сатылмайды. Айта кету керек, бұған дейін өңірде дәл осы көкөністердің бағасына қатысты мәселе көтерілген болатын. Содан кейін ғана келісі 300 теңгеге дейін қымбаттап кеткен картоптың бағасы 200 теңгеге дейін арзандады. Ал «Северный» дүкенінде тұрақтандыру қорының картобы тіпті 172 теңгеден саудаланып жатыр. Бұл күзгі жиынтеріннен кейін көкөністердің бағасы әлі де арзандайды деген үміт бар.

баға

«Северный» сауда желісінің әкімшісі Юлия Петрова атап өткеніндей, бүгінде бұған дейінгі дүрбелең басылған.

«Екі-үш апта бойы болған дүрлігу аяқталды. Қанттың арзаны да, қымбаты да бар.Қазір дүкен ашылғанға дейін 2-3 сағат бұрын кезекке тұрып жатқандар жоқ. Бірақ тауарды сұранысқа сай уақытылы жеткізіп беруге қатысты қиындық ара-тұра туындап қалуы мүмкін. Қазір консервациялау кезеңі жүріп жатқанына қарамастан, сұйық майға қатысты да ешбір қиындық туындап отырған жоқ. Барлық үш дүкенімізде азықтүлік қоры жеткілікті. Ұн арзандады, келісін 253 теңгеден сатып жатырмыз. Кейбір тауар түрлері болмай қалса, өзіміз іздеп табамыз, бірақ бағасын тым қымбаттатпаймыз, әрі кетсе 50-60 теңге қосамыз», – деді сауда желісінің әкімшісі Юлия Петрова.

Партия тарапынан тұрақтандыру қоры арқылы саудаланатын әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің 19 түрінің бағасына мониторинг жүргізіледі. Алайда бұл тізімге енгізілмеген тауар түрлерінің бағасы әлі де болса шарықтай түскен. Мониторинг тобы мүшелері сауда орындарының басшылығын тек әлеуметтік маңызды тауарлармен бірге өзгелерінің де бағасын тұрақтандыруға шақырады. Ол үшін тауар жеткізушілермен жақсы байланыс орнату қажет.

«Бағаға белгілі бір бақылау және сараптама жасалуы қажет. Сауда орындарының басшылығы ойларына келгенін істемеуі үшін қандай да бір бақылаусыз, бас қарусыз қалмауы тиіс. Бұған дейін қант бағасы ерекше шарықтап кеткен болса, бүгінде 500 теңгеден еркін саудаға шығарылғаны, қант үшін ұзын-сонар кезек пен оған таластың жоқтығы бізді қуантып отыр. Жергілікті атқарушы органдардың тауар өндірушілермен және жеткізушілермен байланыс орнатқанын, соның нәтижесінде тауардың кейбір түрлеріне бағаны тұрақтандыру мүмкіндігі бар екенін көріп отырмыз. Жалпы, өткен аптамен салыстырғанда жағдай біршама түзелген», – деді «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова.

Партия филиалы жергілікті атқарушы органдармен және сауда желілерімен қарым-қатынасы жолға қойылған. Алайда тұрғын үйлердің жанындағы кішігірім дүкендер назардан тыс қалып жатқаны жасырын емес. Негізінен, кісі қарасы қалың, ірі сауда орындары ғана бақылауға алынған.

баға

Баға мониторингі әлі де жалғасатын болады. Мұндай рейдтер тек облыс орталығында ғана емес, аудандар мен ауылдық елді мекендерде де жүргізіліп жатыр.

Мониторинг кезінде жинақталған мәліметтер тиісті органдарға жіберіледі. Сауда орындары тауар бағасын негізсіз қымбаттатқаны анықталса, бұл ақпарат бәсекелестікті қорғау органдарына жолданбақ.

Бұған қоса, азық-түлікке баға белгілеу мәселелері партия жанындағы өңірлік және аумақтық даму жөніндегі қоғамдық кеңестердің отырыстарында қаралды. Осы жұмыс өз нәтижесін бере бастаған сыңайлы.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.