Жол картасын жүзеге асырудың жайы қаралды
Жол картасын жүзеге асырудың жайы қаралды
197
оқылды
«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасында көрсетілген міндеттердің орындалу барысы пысықталды. Шымкент қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Айтбаев бірқатар мәліметті бөлісті. Мәселен, биыл алғашқы алты айда Шымкентте барлығы 17 481 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 72,3 пайызға орындалған. Ал жарты жыл көлемінде балалар үйінен шыққан 9 түлектің 7-і аталмыш басқарма тарапынан тұрақты жұмысқа жолдама алған. Жеке кәсіп бастауға Шымкент бойынша 3426 адамнан өтініш түсіп, оның барлығы бүгінгі таңда бизнес бастауға арналған семинарда дәріс алып жатыр. Бұдан бөлек, қалалық Полиция департаменті мен Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан Жол картасына сай атқарылған жұмыс есебі талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес мүшелеріне тиісті тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының қатарын көбейткенше, осы мәселенің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарға мән беру керектігі айтылды. Отбасындағы жанжалдың шығу себебін зерделеп, нашақорлық немесе маскүнемдік салдарынан туындаған кикілжіңді болдырмау, яғни ер адамның әйелін немесе баласын соққыға жығуына жеткізбей, психолог мамандарды дер кезінде тарту маңызы талданды.