Ауылдың жайы айтылмай қалмасын!
Ауылдың жайы айтылмай қалмасын!
Жыл өткен сайын ауыл мәселесі күрделеніп, белсенді мемлекеттік ұстанымды қалыптастыруды қажет етіп барады. Қазір жағдайға жан-жақты назар аударылып жатыр. Осыған дейін «AMANAT» партиясы ­Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын қолға алған болатын. Жоба бастаушылары халық саны азайып, ел-жұрты түрлі мәселемен бетпе-бет келген ауылдардағы тіршіліктің бойына қайта қан жүгіртуге ниетті. Сонымен «Ауыл аманаты» жобасында қаралып, кезек күттірмейді деп тапқан мәселелеріне тоқталсақ.   ТАБЫС – ТҰРМЫСТЫҢ КІЛТІ Жобаның мақсат еткені – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға септесу. Партия мүшелері 2 аптаға жетпес уақыт ішінде Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарындағы 116 ауылдық округті аралап үлгерді. Елдің талап-арызын тыңдап, нақты істер жоспарланып жатыр. 10 қыркүйекке дейін тағы 394 ауылдың жағдайы ескерілмек. Қош, биыл сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» бекітілді. Арнайылап ауыл жайын сөз еткенде көкейде «ауыл халқының орташа табысы қандай?» деген заңды сауал туындайды. Иә, әр тоқсан сайын елімізде жалпы халықтың орташа айлық табысы жайлы деректер жарияланады. Бірақ оған ауыл мен қала жұрты да енеді. Ауыл мен қала жұртының орташа жалақысын жекелей жіктеген статистика жоқ. Тоқсан сайын шығып жататын орташа жалақы көрсеткіші тек облыс пен салалар бойынша жіктеледі. Сондағы бір білеріміз, табысы төмен салаға ауыл және балық шаруашылығы жатады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл саладағы кейбір мамандардың 42500 теңге ғана айлыққа күнелтіп жүргендер бар екені көрсетілген. Әйтеуір қорытындыда бұл саланың орташа табысы 167 мың шегінен бір шығыпты(!). Осыдан-ақ ауылдық жерлерде табыстың қаншалық аз екенін аңғаруға болады. Көбіне ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімдігі, мектеп пен амбулатория, балабақша сияқты мемлекеттік және әлеуметтік мекемелерде жұмыс істеп несібесін айырады. Бірақ бұл мекемелердің штаты бүтін ауылды қамти алмайтыны белгілі. Қатынауға жақын болса кейбір жұрт аудан орталығы мен қалаға барып немесе вахталық режимдегі, әрісі жалдамалы жұмыстарға жегіледі. Оның өзі барлық ауыл тұрғындары үшін қолы жетер іс емес. Сондықтан ауыл жұрты жарытып табыс табады дей алмаймыз. Рас, мемлекет дәрігерлер мен мұғалімдерге жақсы жағдай жасады. Тіпті, ауылдық жердегі мұғалімдер қала мектептерінде білім беретін мұғалімдерге қарағанда көбірек жалақы алады. Оқу-ағарту министрлігі ауылдағы мұғалімдер орта есеппен 400 мың теңге жалақы алатынын мәлімдеген. Егер еңбек өтілі артып, біліктілік санаты көтерілсе, еңбекақысы қоса өседі. Сол сияқты дәрігерлер де игіліктен тыс қалған жоқ. Былтыр елімізде 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы 20-30 пайызға өсті. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға қарай дәрігерлер жалақысы орта есеппен 561 мың теңгеге дейін көтеріліп, Қазақстан дағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болатынын мәлімдеген. Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, ауыл тұрғындарының бәрі дәрігер не мұғалім болып жұмыс істемейді. Қалғаны әртүрлі кәсіптен ақы айырады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендері де жетерлік. Биыл жыл басында сенатор Ақылбек Күрішбаев тап осы ауыл халқының табысы мәселесі жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолдап, сынға ілігер біраз жайды баяндады. Оның айтуы бойынша, ресми деректе ауылдағы жұмыссыздар 181 мың адам деп көрсетіледі. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздар бұдан әлдеқайда көп. Бір жағынан бұл деректің қалай құрылғаны түсінікті, әлгіндегі 181 мың жұмыссыз ретінде тіркеуден өткендер саны болса керек. Өтпегендері есепке енбей, елеусіз қалғаны анық. Ал депутат ауылдағы табысты тілге тиек еткенде, жан шошырлық жайттар барын айтыпты.
«Біз еліміздің барлық аудандарында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығын «басты мәселе» деп атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?» – деді Ақылбек Күрішбаев.
Сенатор ауыл халқының жаппай қалаға көшіп жатқанын «жұмыссыздықтың салдары» деп атады. Сол сауалнама арқылы еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайтыны белгілі болған. Ақыры бұл үрдіс күшейе берсе, екі мәселеге тап боламыз. Біріншісі, ауыл шаруашылығы саласы дамымаған себепті азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушыға түседі. Екіншісі, шекара жаны елсіз қалады. Яғни, бұл мәселе еліміз үшін тек экономикалық қана емес, саяси және стратегиялық маңызға ие. Депутат сол кезде ауылдарға «ірі ауылшаруашылық компанияларын тартайық» деп ұсыныс айтқан. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан жауаптылар осыны назарды тыс қалдырмаған секілді. Қазір бірінші кезекте ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлініп отыр. Онсыз ауыл халқының табысын арттыру қиын болмақ.   АУЫЛДАН НЕГЕ АЛШАҚТАДЫҚ? Қазақ үшін ауыл қашан да құт пен кие саналды. «Ауыл – ел бесігі» деген сөздің түп-төркіні содан. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстан халқының 60 пайызға жуығы ауылда тұрған екен. Кейін жекешелендіру реформасы салдарынан көптеген елді мекендегі тірлік тұралап қалды. Осылай «болашағы жоқ ауылдар» деген түсінік пайда бола бастады. 2021 жылы халықтың 41 пайызы ауылда тұратыны анықталған. Бір қарағанда аса бір секем алар сан емес. Алайда, бұл көрсеткіштің жыл сайын тоқтаусыз өсіп, кей ауылдардың түбегейлі жойылып жатқаны алаңдатады. Соңғы кездері алыстағы елді мекендерді жою үрдісі қатты қарқын алып кетті. Жалпы, Қазақстанда 6 322 ауылда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл ретте, урбанизация қарқынына байланысты соңғы жылдары ауыл халқының үлесі төмендеді. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылға қарай ел халқының жалпы саны 20 миллионға жетеді деп болжаған. Бірақ ауыл халқының саны іс жүзінде қазіргі 41 пайыздан 38 пайызға дейін құлдырайтын көрінеді. Демек, шамамен 1,5 жыл сайын ауыл халқының үлесі 1 пайызға төмендеп отырады. Сондықтан алдағы отыз жыл ауыл мәселесі мемлекеттің басым саяси бағытына айналғаны абзал. Қазіргі кезде «болашағы жоқ ауылдардың» басым көпшілігі Қызылорда, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында болып тұр. 2012-2019 жылдар аралығында 500-ге жуық ауыл жойылған. Ал осы кезде бар ауылдардың 3 477-сі ғана «келешекте даму әлеуеті бар» деп танылса, қалған 2 761-і 1 миллионға жуық тұрғындарынан айырылатын іспетті. Дерекке сүйенсек, соңғы 2016-2021 жылдары СҚО-да 635 ауылдың 38-і жойылыпты. Ал 2000 жылдан бері өңірде 118 ауыл иесіз қалған. Былтыр тағы 112-сі «есептен шығарылу алдында тұр» деп тіркелген. Сол сияқты Қостанай облысының әкімдігі де былтыр өңірде «болашағы жоқ» 598 ауыл бар екенін мәлімдеді. Оның қатарында дәуірінде үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын сиыр баққан 380 үйден 50-ден астамы ғана қалған, мемлекет қорғауындағы тарихи жәдігерге бай, қойнауы алтын, бор сынды қазынаға толы Екідің елді мекені де бар екен. Ауылдар адами капиталын жоғалта бастағаннан кейін онда жұмыс пен табыс та болмайтыны белгілі. Біздің болжауымызша, мәселенің төркіні ретінде инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың жайы тұр. Әуелде бұған көңіл бөлінбеген, сосын өркениет көшінен қалғысы келмеген жанның басқа амалы болмайды. Мысалы, соңғы 5 жылда Қазақстан ауылдарында 260-тан астам мектеп жабылған. Еліміздегі аграрлық салаға 2,5 мың маман жетіспейді. Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алған 5 мың жастың дені шалғайдағы инфрақұрылымы жоқ ауылда жұмыс істеуге құлықсыз екендерін көрсеткен. Инфрақұрылымды екінші жағынан қолайлылық ретінде қарастырсақ болады. Яғни, инфрақұрылымы жақсы ауылдарда жасқа да, кәріге де өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасалады. Адамдар тек күнделікті күйбең тірлікпен шектеліп қалғысы келмейтіні анық. Соның арқасында ауылдан көшкісі келгендер саны азаяр еді. Әйтпесе, ауылға көшіп баратын жас мамандарға арналған «көтерме жәрдемақымен» мәселе шешілмейтін сыңайлы. Иә, жауаптылар ол үшін барын салды. Көтерме жәрдемақының мөлшерін миллиондап есептеуге көшті. Алайда өмір сүруге қолайлы жағдай жасалмаған жерде жастарды ұстау қиын болары хақ. Сондықтан табыспен қоса, ауылдағы жол, әлеуметтік нысандар, әрісі газбен, сумен қамтамасыз етуді жеделдеткен абзал. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» қолдан келгенше осы аманаттың бәрін арқалап шығуы тиіс.