Өзі де, сөзі де рас
Өзі де, сөзі де рас
446
оқылды
Бүгін – Абай күні. Осыдан 3 жыл бұрын хакімнің туған күні Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер тізбесіне атаулы күн ретінде енді. Содан бері елімізде Абай күнінде Ұлы ақынның мұрасын насихаттауға бағытталған мәдени, ғылыми-ағартушылық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды. Сол арқылы осынау тарихи күн жас ұрпақтың санасына Абай әлемінің құндылыңы сіңіріле береді. Хәкім Абайға кезекті шабуыл жасалды. Бұл мен үшін жаңалық емес, таңданбайтын да болдым. Еліміз тәуелсіздік алғанда бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығына арнаған ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметовтің жетекшілігімен Абайдың қарасөздерінен алғашқылардың бірі болып докторлық диссертация қорғадым. Қазақ елінің еркіндікке қолы жеткен 30 жылда қазақты, Абайды қорлағандардың айла-шарғысына, қулық-сұмдығына, жапқан жаласына, айтқан өтірігіне қарсы талай мақала жаздым. Енді міне, әлеуметтік желіні шулатқан Зәуре Батаеваның «Абай ізімен: Совет режимінің тағы бір жасанды құжаты – Адольф Янушкевичтің күнделігі мен хаттары» мақаласына жауап жазуға тура келіп тұр. Әрине, біз үшін әуелі қоғамға қайшылық пікір тудырған, залалы өте ауыр бұл мәселенің шығу тегін білуіміз қажет. Сонда салдарымен күресу оңай болмақ. Бұл қазаққа, Абайға шабуылдың 1990 жылдың басында қазақ көп дінді болған деп, миссионерлердің көшеде, тіпті үйлерге жат діндерді уағыздайтын кітаптарды таратуымен басталып, Бораттың киносын шығарумен шарықтау шегіне жетті. Теріс пиғылдармен және олардың жетегіне ерген «адасқан қазақтармен» айқаса жүріп жинақталған тәжірибемді қорытындылап, мәселенің өзім тұжырымдаған себебін көрсетіп, 2020 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жаздым. Президент Әкімшілігінен «хатыңызбен Президент танысты, Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне шара қолдану үшін тапсырма берілді» деп жауап алдым. Шабуыл бәсеңдегендей болып еді, енді қайтадан күш ала бастады. Неге? Себебі біз сансыраған санамызды, әлсіреген ұлттық салт-дәстүрімізді, тәрбиемізді әлі де болса қалыпты деңгейге жеткізе алмай отырмыз. Шу болған мақаланың авторымен, оның туындыларымен жан-жақты танысып шықтым. Зәуре Батаева – біздің университетте қызмет жасап, содан кейін шет елге кеткен қазақтың сауатты қыздарының бірі. Зәуре қарындасымыз қазақ ұлтының жетістігі мен кемшілігін, қоғамдық жағдайын, орыс империясы мен советтік сталиндік кезеңнің қазақ ұлтына жасаған зорлығы мен зомбылығын бір шама біледі. Қазақстанда жүргенде Зәуре кейбір қазақтың философтарымен байланыста болған. Сол кезде ағылшын тілінде «Борат» кинофильмі жарыққа шықты. Ішімізге Чарльз Уеллер деген зерттеуші сымағын жіберіп ылаң салды. Ол «Қазақ еліндегі діни үрдістердің мәдени-өркениеттік негіздері» деген тақырыпта диссертация жазды. Шындығына келсек, Чарльз Уеллердің «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті» (2003ж.) кітабы мен диссертациясы қазақ халқының ұлттық мәдениетін қорлап жазған еңбектер еді. «Борат» кинофильмінің сыңарына айналған бұл еңбек абайтанушылар мен көпшілік тарапынан қарсылыққа ұшырады. Зәуре Батаеваның мақаласын оқығанымда Чарьз Уеллердің жазу стилі және «қазақ елінің тәуелсіздік алғанға дейінгі үш жүз жылда мәдениеті болмаған, мемлекеттілігі болмаған және көп дінді ел еді» дегені ойға оралады. Қарындасымыз шетелге барып, «адасып» қалған деп ойлаймын. Дәлелдеп көрейік: біріншіден, ол – қазақ, орыс, ағылшын тілінде қалам тербейтін, әдеби блогер және аудармашы. Зәуре Батаева ағылшын тілді қауымға «Қазақ тілі және мәдениеті» атты пәннен дәріс оқиды. Дәрісінің тақырыбы да Чарльз Уеллердің диссертация тақырыбымен сәйкес. Оның үш тілде жарияланған шулы мақалалары да Чарльз Уеллердің әлі күнге дейін Абай туралы зерттеп жүрмін деп көрсеткен тақырыптарымен сәйкес келеді. Екіншіден, ол Абай шығармалары бүгінгі қазақ қоғамын жікшілдікке бөледі деп санап, ол туралы былай дейді:
«Орыс тілді қазақтар Абай ды орыс тілі мен Еуропа мәдениетіне бет бұрған алғашқы ағартушы, орыс-қазақ достығының дәнекершісі ретінде дәріптесе, тілі қазақ ағайын Абайды ұлы лирик-ақын және ғұлама ойшыл деп құрметтейді. Алайда бұл екі түрлі көзқарас мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар біраз теріс көзқарастар мен жағымсыз ой-пікірлердің туындауына да себепші болды. Мысалы, кейінгі буын өкілдерін әсіресе ашындыратыны – алғаш рет 1933 жылы «Қара сөздер» (проза) деген атаумен жарық көріп, 1945 жылы орыс тіліне «Слова нази дания» (Ұлағатты сөздер) деп аударылған прозасындағы Абайдың қазақтар туралы зәрлі де ұнамсыз пікірі, қазақтардың «жалқау», «надан», «бірін-бірі көре алмайтын қызғаншақ», одан қалса «бірбіріне дұшпан» деп сипатталуы. Жас буын өкілдерінің пікірінше, қазақ-орыс мектептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқытуға ондаған жыл бойы басымдық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу сезімін улап, басқа этникалық топтар арасындағы қазақтар туралы таптаурынды жағымсыз пі кірлердің қалыптасуына әсер етіп, қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын терең дете түсті».
Осы сөзімен Зәуре Абайдың шығармаларын қазақ елі жас ұрпағына оқытуды терең қолға алмаған кемшілігін біліп, өз пайдасына жаратып отыр. Абай өз қазағын жанындай сүйетінін қазаққа ғана емес, бүкіл адамзат баласына қажетті жақсылық пен жамандық қасиеттерді саралап көрсете білген. Сонымен қатар қазақ қандай қасиеттерді игерсе жақсы болады, өсіп өркендейді, қандай жамандық қасиеттерден қашық болу керектігін де талдап көрсетіп берді. Біз мектепте Абайдың қара сөздерін оқытпай, коммунистік идеологияға сәйкестендіріп өлеңдерін оқыттық. Қазір біздің университет пен мектептерде «Абайтану» пәнін енгізіп Абайдың шығармашылығын шынайы сипатта оқыта бастады. Сондай-ақ Зәуре Батаева Абайдың араб-парсы және орыс тілін өз бетінше жақсы игеріп алғанына сенбейді.
«Абайдың ресми өмірбаянын жазушылар 19-ғасырда сахараны жайлаған сауатсыздық деңгейін, білім сапасының төендігін мүлдем ескермей келді. Олардың айтуынша, Абай медреседе үш жыл діни білім алып, шіркеу мектебінде үш ай орысша оқып, өзінің ерекше қабілетінің арқасында аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін, статистикалық ғылымдар мен шығыс пен батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алыпты-мыс. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам ерекше дарын иесі болды десек те, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, өздігінен осын шама білім мен біліктілікті меңгеріп алуы мүмкін емес нәрсе».
Бұл жолы мақала авторы тағы да Кеңес үкіметінің «бізге дейін, Октябрь революциясына дейін қазақ екі-ақ пайыз сауатты болған» деген өтірігін пайдаланып отыр. Шын мәнінде, қазақтың қаласы мен ауылында мешіт болған, мешіттің жанында медресе бар, ол қазіргіше айтсақ, бастауыш сыныптың білімін берген. Медреседе оқыған бала араб, парсы тілін еркін меңгерген. Америкалық журналист Джордж Кеннан 1906 жылы Санкт-Петербургте басылған кітабында былай дейді:
«Даже киргизы пользуются ею. Я знаю старика Ибрагима Конобай, который не только посещает библиотеку, но читает даже таких авторов, как Милль, Бокль и Дрэпер».
Мұны да өтірікке шығарамыз ба? Ал шығыстық парсы, араб, түрік тілдерін оқыған қазақтар ол кезде жетік меңгерген, шығыстың жыр-маржандарын, қиссаларын тәржімалаған.
– Абайдың алғашқы толық жинағы 1933 жылы Қызылордада басылып шыққаны мәлім. Ол кез қазақтың аштықтан қырылып жатқан шағы болатын. Міне, сондай қиын-қыстау шақта Абайдың кітабының 6 мың таралыммен шығуы кеңестік саясаттың қитұрқысы, – дейді автор.
Оның ойынша, сол кезде Абай сияқты өз халқын сынайтын ақынды дәріптеуде саяси астар бар екен. Бұл жайлы ойын Батаева былайша жеткізген:
«Абай 20-ғасырдың басында Алаш Орданың ұлтшыл жазу шылары өлеңдерін басып шығарып, ағартушы ретінде жарнамалағанға дейін ақын ретінде мүлдем танымал болмаған еді. Абай 1933 жылы Кеңес үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде ғана атақты ақын болып шыға келді».
Сонда Шәкәрім, Көкбай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағ жан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров Кеңес үкіметінің тапсырысымен жырлаған дегенге кім сенеді? Олардың айтқандарына көз жіберіп көрейік. Ақын ағасы туралы Шәкәрім де өз пікірін айтып қалдырған:
«Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді» десе, қасында жүрген Көкбай ақын: ...Өзгелер отырады аузын буған. Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес, Хәкімдей Аплатон аңырап тұрған, – деп жырға қосады.
Тіпті, Абайдың замандасы жүз жасаған Жамбыл да хәкімдік қасиетін дөп басып айтады:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме? Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне. Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған, Өр Абайдың төтеген кім бетіне?!
Қазақ сөз өнерінің маржанын тізген ақын Мағжан Жұмабаев Абайдың адамгершілік ілімді меңгерудің шыңына шыққанын, оның әлемдік деңгейдегі даналардың данышпаны Хәкім екенін мүлтіксіз танығанын жырын оқысақ анық байқаймыз:
Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. Қарадан хәкім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан әні кетпес!
Аталған мақалада автор Мүрсейіт Бікеұлының көшірмелеріне де күмәнмен қарайды:
«Елу жылдан кейін, Кеңес заманында ғана Абайдың «хатшысы» Мүрсейіт Бікеұлы өз қолымен көшіріп алыпты-мыс. 3 қолжазба Абайдың шынымен де өмір сүргеніне және оған тиесілі деген барлық өлең мен прозалық мәтіннің авторы екеніне дәлел ретінде ұсыныла бастады. Дегенмен Мүрсейіт Бікеұлы мен оның көшірмелеріне қатысты жауабы жоқ сұрақтар да жетерлік. Біріншіден, көшірмелерді жазуға 1904 жылы кіріскен Мүрсейіттің қолында ұстазының өзінің қолжазбалары болды ма? Егер болмаса, онда ол 200 беттен астам өлең мен прозалық мәтінді қалайша өз жадынан немесе басқа біреулердің аузынан жазып алған? Ал егер қолында болса, онда ол неге ұстазының қолжазбасын өз қолжазбасымен ауыстыру қажет деп шешті? Оған қоса, ол өз ұстазының шығармаларын қандай себеппен бір рет емес, үш рет – 1905, 1907 және 1910 жылдары көшіріп жаз ған?» деп те күдіктенеді.
Мүрсейт – өз заманында бала оқытатын мұғалім болған азамат. Абай елінде қыздарын ұзатқанда Мүрсейтке ақысын беріп, Абайдың шығармаларын жаздырып алып, жасауға қосатын дәстүр қалыптасқан. Кәкітай мен Тұрағұл Мүрсейттің Абай шығармаларын қайта-қайта көшіріп жазып төселгендігіне сеніп, тапсырма берген. Ал Мүрсейт қолжазбалары қолдан қолға өтіп, аталған үшеуі сақталып қалған. Тұрағұл әкесі туралы естелігінде Мүрсейттің емес, тікелей әкесі Абайдың қолжазбасын оқығанын айтады. Қазақтың арасында дарынды «құймақұлақтар» көп болған, олар бір есіткен жыр-дастандарын күні-түні жырлаған. Қазақтың бұл қасиетіне де сенбейміз ме? Өз басым ақын Желеу ағамыздың түнімен тоқтамай айтқан жырын тыңдадым, ал академик Серік Қирабаевтың «Алпамыс», «Қыз-Жібек» жырларын жатқа білетінін көрсем, атақты актер Болат Әбділмановқа Абайдың қарасөздерін түгел айтқызып, тыңдадым. Қысқасы, әлгі мақаладағы «Абайды қолдан жасаған Бөкейханов» деген тұжырым ешқандай қисынға келмейді. Егер шындық болса бүкіл қазақтың ішінен ең болмағанда бір адамның аузынан «Абай сөзін Әлихан Бөкейханов жазған екен» деп әңгіме айтылар еді ғой. Ал бүкіл қазаққа сенімсіздік білдіруге құқығымыз бар ма? Кімге сенуді мұқият ойланайық, ағайын!

Жабал ШОЙЫНБЕТ,

Абай атындағы Қазақ Ұлттықпедагогикалық университеті

«Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры