Моңғолия астанасының мэрі С.Амарсайхан Қазақстанның аталған елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаевпен кездесті. Кездесуде тараптар екі елдің қарым-қатынасындағы жетістіктер жайлы пікір алмасты. Ұланбатыр қаласының мэрі биылғы көктемде жаңадан Нұр-Сұлтан көшесін салу басталатынын тілге тиек етті. Қала мэрі Қазақстаннан үйренер дүниенің мол екеніне тоқталды. С.Амарсайхан Қазақстанның қала құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, көгалдандыру, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тәрізді көптеген тәжірибелеріне өздерінің қызығатынын айтты. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Ұланбатыр қалаларының арасында туризм бойынша тығыз байланыс орнатуға мүдделі екендіктерін де білдірді. Өз кезегінде Қазақстан елшісі қала мэрінің қабылдағанына алғыс білдіре келе, екіжақты байланыстарды нығайтуға даяр екенін атап өтті.