Нұр-Сұлтанды тағы су басты: әкімдіктің 130 шақырымды нөсер кәрізі түкке жарамай қалды

Нұр-Сұлтанды тағы су басты: әкімдіктің 130 шақырымды нөсер кәрізі түкке жарамай қалды

Жуырда ғана елорда әкімі қалада 146 учаскеде су басу мәселесі шешілгенін айтқан еді. Алайда  құрылысы толығымен аяқталған 130 шақырымды құрайтын нөсер кәрізі мен арық-науа бүгінгі жаңбырға төтеп бере алған жоқ, қаланы тағы да су басты, – деп хабарлады azattyq ruhy.kz. 

Күндіз сағат 14.30 шамасында басталған жауын бар болғаны 30-40 минутқа жалғасты. Осы уақыт аралығында елорданың бірнеше көшесін су басты. Олардың қатарында кеше ғана күрделі жөндеу жүргізілген Мәңгілік ел даңғылы  бар.

Толассыз жауын жауса үнемі су астында қалатын Бауыржан Момышұлы даңғылы да үлкен көлге айналған. Бұған дейін қала басшылары бұл учаскені енді су баспайды деп сендірген болатын. Алайда  бұл уәде бос сөз болып шықты.

«Қаланың ең проблемалы даңғылдарының бірі – Б.Момышұлы даңғылы. Бұл даңғылда біз нөсер кәрізінің магистралды коллекторын салдық. Нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды – Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Б.Момышұлы даңғылынан өтеді) жалғасады. Жаңа құрылыс қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді», – деген еді Алтай Көлгінов 8 шілдеде өткен брифингте.

Жергілікті тұрғындар суға белден батқан автокөліктердің фотосы мен видеосын әлеуметтік желілерге жарыса жүктеп жатыр. Кадрлардан су соруға келген арнайы техниканы да байқауға болады. Бірақ  жиналған судың деңгейінің көптігі сонша, мамандар оны игере алмай әлек.

Бұдан бөлек, қаладағы Қаныш Сәтбаев, Рақымжан Қошқарбаев, Шәмші Қалдаяқов, Достық көшелерінде де жаяу жүру мүмкін емес.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.