Дауылда әріптестерін құтқарып жүріп көз жұмған Ұлттық ұланның жауынгері Алмас Шахимов марапатқа ұсынылды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен мәлім болды. Қайғылы оқиға кеше Алматы облысындағы 5571 әскери бөлімінде болған. Ведомство дерегінше, 1-жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы далалық жаттығуда жүргенде дауыл көтеріліп, сарбаздар орналасқан шатыр бұзыла бастаған. Осы уақытта қатардағы жауынгер А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп, басына шатырдың темір жақтауы тиіп, жарақат алған. Оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Дегемен оны ажалдан аман алып қалу мүмкін болмады.
«Жауынгер А.Н.Шахимов өзінің қаруластарын құтқару барысында жанқиярлық танытып, мерт болды. Марқұмның денесі Алматыдан Көкшетауға әскери бортпен жіберілетін болады. Жауынгердің ата-анасына заңнамаға сәйкес, 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады» делінген құзырлы орган таратқан хабарламада.Ұлттық ұлан ақпаратына сай, жауынгер Алмас Шахимов 2003 жылы туған.