"Дикий" Арманның досы бір үйдің жалғыз баласын өлтіріп, 8-ақ жылға сотталды
"Дикий" Арманның досы бір үйдің жалғыз баласын өлтіріп, 8-ақ жылға сотталды
Талдықорған соты екі рет сотталып, үшінші рет адам өлтірген қылмыскерді бар-жоғы 8 жылға соттаған. Бұл туралы "Информбюро" жаңалықтарында айтылды. Қазір жалғыз баласынан айырылған Кенжегүл Мұсаханова мұндай жеңіл үкіммен келіспейтінін мәлімдеп, әділдік іздеп жүр. Жалғызбасты ананың айтуынша, Сұңғат Қабдолдаевты 18 жерінен пышақтап, құлағын кесіп, өлтірген қылмыскер "Дикий" Арман лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің жақын танысы екен. Жалғыз баласынан айырылған Кенжегүл Мұсаханова ұлының полицияда қызмет етіп, самбо, дзюдодан мықты болғанын айтады. Әркез достарының алдында жүретін ұлы шаңырақ көтеріп үлгермепті.
"Екі рет сотты болған адамды 8 жылға бірінші рет сотталып отырғандай соттап отыр. 18 жерден пышақтап, тіпті құлағын кесіп, құлағы тігуге жарамай қалды моргта. Оны бауыздайын деген ғой деймін. Баламның шашы бәрі жалма-жұлма. Бұны істеген - қандықол «Дикий Арманның» достары", – дейді марқұмның анасы.
Прокуратура сотталушы Ерназ Мақұлбаевтың бұған дейін екі рет істі болғанын растады. Бірінші рет қылмыскер кәмелеттік жасқа толмай тұрып тонау дерегі бойынша сотталса, екінші рет бұзақылық жасағаны үшін істі болған. Ал Кенжегүл Мұсаханова баласын өлтірген адамның екінші қылмысын толық өтемей жатып, үшінші қылмысқа барғанын сот та, прокурор да ескермей отырғанын жеткізді. Сондықтан апелляциялық шағымда бұл жайттардың барлығы ескерілсін деп талап қояды. "Алматы облыстық сотына жәбірленушіден де, сотталушыдан да шағым түскен. Алайда, сотталушының апелляциялық шағымы тікелей Алматы облыстық сотына жолдануына байланысты бүгінгі таңда қылмыстық іс бірінші сатылы сотта тұр. Барлық құжаттар тиісті түрде рәсімделіп, мән-жайлар қарастырылып, толыққанды құжаттар дайын болған кезде, нәтижесі хабарланатын болады", – дейді Алматы облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі Мөлдір Мұхамеджанова. Ал прокуратураның ауызша жауабы бойынша, қылмыстық іс адам өлтіру бабынан, денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабына ауысқан. Себебі сотталушының Сұңғатты өлтіремін деген ойы болмаған. Ол қаңсырап тұрған адамды ауруханаға жеткізу үшін көлікке салып жіберген және полицияға кінәсін мойындап өзі келген деп түсіндірді.
"Сондай-ақ, сотталушының ісі бойынша ол 8 жылдан 13 жылға дейін сотталады. Бірақ Ерназ бұған дейін де екі рет сотты болғандықтан, прокуратура тарапынан да жазаны қатаңдату бойынша аппеляциялық шағым түсірдік", – деді.