«Диагнозды интернеттен іздейді» – ауыл тұрғындары білікті дәрігерге мұқтаж
«Диагнозды интернеттен іздейді» – ауыл тұрғындары білікті дәрігерге мұқтаж
Фото: Almaty.tv сюжетінен алынды
636
оқылды
Алматы облысында Нарынқол ауылының тұрғындары дәрігерлердің білімі таяз екеніне шағымданды, – деп хабарлайды Almaty.tv. Тұрғындардың айтуынша, сырқаттанып, ем сұрап барғандарға дәрігерлер ұялы телефонға қарап, аурудың емін оқып береді. 40 мың халқы бар Райымбек ауданындағы жалғыз аудандық ауруханаға әлі күрделі жөндеу жасалмаған. Нарынқол ауылының тұрғындары сауатты медицина мамандарының жоғын айтады. «Әйтеуір диагнозды ұялы телефонға қарап қояды. Өздері ауруды таба алмайды ғой. Оқымаған, түк білмейді. Оқыған, білімі жететіндер келсе ғой», – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Әлібек Дәлденбаев. Тұрғындардың айтуынша, ауылға келген мамандарға жағдай жасалмайды. Сол себепті білікті маман жоқ.
Нарынқол ауылының тұрғыны Әсел Советбай: «Жастар мейірбикенің оқуын оқып келеді. Ал дәрігерлердің саны шектеулі. Менің анам өзі ауруханада істейді. Сауатсыз дәрігерлер де бар деп айтып жатады. Сол үшін ауылға сауатты маман керек, оларға жағдай жасау керек», – деді.
Ауыл жұрты арызын айтқан Райымбек аудандық орталық ауруханасының ахуалы сын көтермейді.  Тұрғындардың айтуынша, 1989 жылы салынған ауруханаға күрделі жөндеу қажет. Жауын жауса төбеден су тамшылап, жел соқса шатыры ұшады екен. «Жаңбыр болған кезде анау 3-4 қабатты су басып кетеді. Хирургия бөлімінде істеймін. Су тамшылайды. Ішіне дейін кіреді. Баспалдақтарға шелек қойып қояды», – деді ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК хирургия бөлімінің қызметкері Жанар Ақбаева.
«Терапевт, хирург, гинеколог келсе жеткілікті деп ойлаймын. Жоқ, жалақы аз емес, мүмкін, келген  маманға үй беру керек шығар. Жастардың ауылға тұрғысы келмейді ғой. Жөндеу жұмыстары жасалынады деген, бірақ әлі  жасалған жоқ. Ал мамандардың біліміне келсек, бәрі білімді деп ойлаймын», – деді ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК бас мейірбикесі Назгүл Мержанова.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Райымбек ауданына іссапары барысында аталған аудандағы 1 аурухана мен 5 дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуді қажет ететіні айтылған еді. Облыс басшысы жағдайды көзбен көріп, тапсырма берген.