ІІМ азаматтарға алаяқтардан сақ болуды ескертіп, SMS хабарлама жіберді, – деп жазады Polisia.kz. SMS арқылы алаяқтық жөнінде халықты хабардар ету туралы 4 тамызда Ішкі істер министрінің Цифрлық даму министрлігінің өкілдерімен және байланыс операторларымен кездесуінде айтылған болатын. ІІМ мынадай ескертулерін қаперде ұстаңыз: – ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару, несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына ермеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді; – өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен құпия сөздерді хабарламаңыз; – белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа көздерге жеке деректерді бермеңіз. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін төлем жасауға келісуге тырысыңыз; – күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз; – қосымшаларды орнату үшін тек ресми App Store мен Play Market көздерін пайдаланыңыз; – белгісіз адамдардан келіп түскен сілтемеге кірмеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік болып табылатын сілтеме бойынша өтуді ұсынады; – банкинг қызметіне қол жеткізу құпия сөздерін жиі өзгертіп отырыңыз. 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз; – өз шоттарыңыздағы ақша айналымын жиі тексеру қажет.