"Шақалақтың мәйіті он күннен бері мәйітханада жатқан": Атырауда жүкті әйелдің өлімі бойынша тергеу жұмыстары басталды

Атырау
© regnum.ru

Атырау ауруханасында жүктіліктің 17-аптасын өткеріп, түсік тастаған әйел қайтыс болды. Бұл туралы жергілікті қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Мына адамның әйелі қайтыс болды. Күйеуі баласының 10 күннен бері мәйітханада жатқанын неге бүгін білген? Арызы осы кезге дейін неге қабылданбайды?», - деп жазды белсенді.

Ер адамның айтуынша, жүкті әйелі ауруханаға түскен. Алайда, оны бір күннен соң шығарып жіберген.

«Әйелім үйге келген соң жағдайы нашарлап, қан құсты. Ауруханаға жатқаннан кейін көз жұмды», – дейді күйеуі.

Ал 17 апталық шақалақтың мәйіті он күннен бері мәйітханада жатқан. Шақалақтың қайтыс болғаны туралы әйелдің күйеуіне де, туыстарына да ешкім хабарламаған.

Бұл жөнінде әйелдің туыстары қайтыс болғаны жөнінде анықтама алуға келгенде білген. Қайтыс болған әйел үш жыл бұрын күйеуге шыққан. Оның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған.

Атырау облыстық Полиция департаменті ауруханада көз жұмған жүкті әйелдің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

«1990 жылы туған жүкті әйелдің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабымен «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша жүргізіледі», - делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі кезде тиісті сараптамалар тағайындалған.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.