Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 76-сессиясының төрағасы Абдулла Шахидпен кездесті, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы – барша адамзат үшін ең қажетті шешімдерді ұсыну мақсатымен басшылардың сындарлы жағдайда бас қосуы үшін бірегей мүмкіндік. Біз осы маңызды іс-шараны нәтижелі өткізу үшін Сіздің қосып отырған үлесіңізді құрметтейміз, – деді Мемлекет басшысы.Өз кезегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясының төрағасы елімізге, Орталық Азияға алғаш рет келгенін айтып, Қазақстан мен БҰҰ арасындағы 30 жылдық кезеңдегі көпжоспарлы әріптестіктің деңгейіне көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің бастамасымен елімізде жүзеге асырылып отырған ауқымды реформаларды, Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткен референдумды жоғары бағалады. Абдулла Шахидтің айтуынша, жүзеге асырылып жатқан реформалар Қазақстанда адам құқықтарының қорғалуы мен азаматтық қоғамның дамуы жаңа сатыға көтеріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 13-15 қыркүйекте елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезі өтетініне тоқталып, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауына алғысын білдірді. Абдулла Шахид Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жиынын маңызды алаң деп атап, съездің мәртебесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, әлем елдерінде көп жағдайда түсінбестік адамдардың наным-сеніміне қарай кемсітуінен туындап жатады. Сондықтан БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы діни көшбасшылардың жетінші съезінде рухани жетекшілердің әлемдік бейбітшілікті насихаттауы негізгі месседж болатынына сенетінін жеткізді.