Желіде полициядан қашқан жүргізушінің видеосы тарады
Желіде полициядан қашқан жүргізушінің видеосы тарады
Желіде патрульдік полиция қуған, ақ көлік жүргізушісі қашқан видеоның жазбасы тарады. Петропавлда көлік жүргізушісі қарбалас уақытта көлік қозғалысы көп қала көшелерімен қашып, жол полицейлерін әбігерге салған. Өңір полицейлері көпшіліктің қызығушылығын танытқан бейнежазбаға қатысты түсінік берді. Оқиға Петропавлда кеше болған екен.
«10 тамыз күні сағат 18.27-де Партизан-Назарбаев көшелерінің қиылысында полицейлердің назарына артқы бампері жоқ «Toyota Corolla» көлігі түседі. Жағдайды білу үшін тоқтатқан инспектор көлік жүргізушісінен спирттік ішімдіктің шығып тұрғанын байқаған. Ер адам бірден газға басып, жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, патрульді полиция экипажынан жасырынбақ болды. Қуғын барысында 30 жастағы жүргізуші Жамбыл көшесіндегі ғимараттардың бірінің жанында ұсталды. Құқық бұзушыны ұстау кезінде жол қозғалысының басқа қатысушылары және азаматтар зардап шеккен жоқ. Ер адам медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Ал көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды» делінген СҚО полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
⠀⠀