Курстың игілігін ауыл тұрғындары көреді
Курстың игілігін ауыл тұрғындары көреді
256
оқылды
«AMANAT» партиясыны «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы ауыл әкімдерін оқыту курсы пайдасы мол бастамаларды бірі болғанын сеніммен айта аламын. Бұл курсқа 14-16 шілде аралығында мен де қатыстым. Онда Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт аудандарындағы әріптестеріммен бірге білімімізді жетілдірдік. Оқыту барысында халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы кәсіпкерлік-талдамалық жұмыстар жасадық. Курста ауыл шаруашылық өнімділігін арттыру, қайта өңдеу кәсіпорнының жұмысын жолға қою, нәтижені алдын ала есептеу тетіктері қарастырылды. Мысалы, Төлеби ауданында 55 елді мекен бар, солардың бірі – Диқанкөл ауылы. Ол елімізге қымызымен танылған. Тұрғындардың 70-80 пайызы бие байлайды. Қыз-келіншектері бие саууға машықтанса, ер-азаматтары оны баптау, тасымалдау, сату шараларына жауапты. Сондай-ақ курс барысында өнім сапасын жетілдіру, оны нарыққа өткізу, жарнама жасау, сұранысты арттыру тәрізді экономикалық машық түрлерін меңгердік. Ауыл әкімі үшін кәсіп түрлеріне, ауыл тұрғындарының икеміне скрининг жасаудың маңызы зор. Өзім басшылық ететін Бірінші мамыр ауылында 21 мыңдай халық тұрады. Екі бірдей өзенге іргелес болғандықтан ауылда балық шаруашылығымен айналысуға болады. Сондай-ақ құлпынай егу, нан өнімдерінің түрлерін арттыру арқылы кішігірім цехтар ашуға мүмкіндік бар. Одан бөлек, әр тұрғын ауладағы 15-20 сотық жерін дұрыс пайдалану арқылы картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен өз отбасын қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша табыс таба алады. Мұнымен қоса, курста ауыл халқын кәсіпкерлікке баулу, бизнестің қырсырын, кәсіпкерлікке арналған шағын гранттар, төмен мөлшерлемемен несиелер алуды үйретуге бақытталған да талқылаулар болды. Енді осы теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, ауыл болып игілігін көргелі тұрмыз.

Ханай ӘШІРБЕКОВ, Түркістан облысы Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылының әкімі