Азық-түлік картасын енгізу ұсынылды
Азық-түлік картасын енгізу ұсынылды
648
оқылды
«AMANAT» партиясының мүшелері ел аумағындағы 2 мыға жуық сауда нысандарын тексерді. «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында кеңес мүшелері азық-түлік бағасының өсімі мәселесін талқылады. 29 шілде мен 5 тамыз аралығында баға бағамын бақылап жүрген партияның мониторинг топтары 1 747 нысанда 1 126 рейд жүргізді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесі бойынша бағаның ең жоғары өсімі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, Қарағанды, Маңғыстау, Бастыс Қазақстан облыстарында байқалды. Атап айтқанда, аманаттықтар Маңғыстау облысында Үкімет бекіткен шекті бағадан қырыққабат – 117 пайызға, сәбіз – 60 пайызға, пияз – 35 пайызға қымбатағанын анықтады. Қарағанды облысында қант бағасы орта есеппен 30 пайызға өсті. Батыс Қазақстан облысында қарақұмық жармасы 38,7 пайыызға қымбаттады. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағассының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімін тежеу үшін әкімдіктер сауда нысандарына «айналым схемасы» арқылы жеңілдікпен қарыз беріп жатыр. Несиелеу мақсатында жалпы сомасы 86,4 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ әрбір облыста тұрақтандыру қорлары құрылды.
«Тұрақтандыру қорларына 18 млрд теңге бөлінді. Өңірлердің жедел ақпараты бойынша, жыл басынан бері тұрақтандыру қорларына 18,3 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, соның ішінде ұн – 10,2 мың тонна, қант – 3,1 мың тонна, күріш – 0,6 мың тонна және т.б. сатып алынды. Бұған қоса, елімізде әр апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері барлық өңірде 4 133 жәрмеңке ұйымдастырылды. Яғни, әр апта сайын орта есеппен 207 жәрмеңке өтеді. Онда тауарлар нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен», – деді ол.
Алайда партия мүшелері баға өсімімен күрес мәселесінде «айналым схемасының» тиімділігі байқалмай отырғанын айтып жатыр. Бұл ретте, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов ел Президентінің таяудағы тапсырмасын еске салды.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «айналым схемасының» тиімділігіне күмән келтірді. Сондықтан тиімді шешім табуды тапсырды. Соған қарамастан, «айналым схемасы» жұмысын жалғастырып жатыр. Ешқандай жаңа шешім естіген жоқпыз. Президент тапсырмасын естімеген немесе түсінбеген сияқтысыз», – деді кеңес төрағасы.
Айта кету керек, бұған дейінгі кеңес отырыстарында және депутаттық сауалдарда партиялықтар халықты баға өсімінен қорғау үшін «айналым схемасының» орнына тұрғындарды қолдаудың атаулы шараларын пысықтауды ұсынған болатын.
«Жақында елорда әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін азық-түлік карталарын енгізетінін мәлімдеді. Бұл шара шамамен 160 мың адамды қамтиды. Карталар аз қамтылған азаматтарға азық-түлікті төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Бақыланбайтын инфляция жағдайында мұндай шара өте тиімді болуы мүмкін. Себебі көмек атаулы болған соң, мемлекеттік қолдау оған аса мұқтаж адамдарға жасалады. Өзге өңірлер де Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі бойынша азық-түлік карталарын енгізуді ойластыруы тиіс», – деп атап өтті Аманжан Жамалов.
Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу және сату тізбегіндегі делдалдар санын заң жүзінде екіге дейін шектеуді және көтерме жеткізушілер үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең жоғары сауда үстемесін 15 пайыз мөлшерінде бекітуді ұсынды. Сонымен қатар партия тәжірибесі азық-түлік картасын енгізуге көмектесетінін жеткізді.
«Пандемия ушығып тұрған кезеңде партия мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін тарату, 50 мың теңге көлемінде атаулы көмек бөлу сынды игі істерді қамтыған Biz birgemiz акциясын өткізді. Сол тұста осындай отбасылардың тізімін дайындап, оның анық-қанығын тексердік. Енді осы тізімді жандандыру қажет. Сонда азаматтар арнайы карта бойынша жеңілдікпен азық-түлік сатып ала алады. Өйткені қазіргі уақытта еліміздегі әлеуметтік дүкендерде кез келген адам тауар сатып ала алады», – деді ол.
Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов азық-түлік өнімдерінің қымбаттауын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша Қазақстандағы азық-түлік қымбатшылығының бір себебі – жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуымен, әлемдегі баға өсімімен және сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауымен байланысты. Азық-түлік
«Егер әлемдегі баға өсімі туралы айтатын болсаңыз, онда халықтың жалақысы мен табысын да дәл солай арттыруды қамтамасыз етіңіз. Баңаның әлі де көтеріле беретінін, бірақ табыс мөлшері артпайтынын айтқан кезде, алдағы уақытта адамдар тойып тамақ жей алмайды деген ойды жеткізесіз. Сіз министрлікте сол үшін отырсыз ба? Себеп туралы айтатын болсаңыз, онымен күрес жүргізетін әдіс туралы да айтуыңыз керек. Орнааған жағдайды қайталап айтып берудің қажеті жоқ», - деп атап өтті кеңес төрағасы Аманжол Жамалов.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ екеніне сендірді. Оның айтуынша, мемлекеттің азық-түлік қоры жеткілікті. Ол сондай-ақ, кеңес мүшелеріне ішкі нарықтың қантқа қажеттілігі толық қамтамасыз етілетінін хабарлады. Тамыз айының басында қор 31,6 мың тоннаны құрады. Зауыттар 40,7 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Импорт 42,2 мың тоннаны құрайды.
«Тек белгілі бір аймақтарда ғана тапшылық бар. Жалпы, республика бойынша оң өзгеріс байқалады. Ақтөбе, Абай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктері тапшылықтың алдын алу үшін Азық-түлік корпорациясымен қант жеткізу жөнінде келісімшарт жасасуы тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар отырыс барысында кеңес мүшелері әуе және теміржол билеттерінің қымбаттауына, сондай-ақ дәрі-дәрмек бағасының өсуіне байланысты пайда болған мәселелерді талқылады. Партиялықтар мониторинг топтарының дәріханаларға рейд жүргізу тәжірибесін жандандыруды ұсынды. Отырысты қорытындылай келе, кеңес төрағасы мемлекеттік органдардың іс-шараға дайындығын сынға алды.
«Мемлекеттік органдардың баяндамалары алдыңғы отырыстарда айтылған ойды қайталайды. Геосаяси жағдайды және тағы басқаны айтып ақталып келеді. Барлық мәселені жаһандық инфляцияға аудара салуды доғару қажет. Қазақстан халқы үшін аса маңызды мәселеге деген осындай көзқарас бізді қатты алаңдатады. Егер жақын арада жұмысқа деген көзқарас өзгермесе, ілгерілеу байқалмайтын болса, онда «AMANAT» фракциясы тарапынан Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында баға өсімі мәселесін қарауға бастамашылық ететін боламыз», – деп түйіндеді Аманжан Жамалов.