"Көтерілген мәселелердің тең жартысы шешімін тапты" - Азамат Біржанов

азамат

Бүгінде кез келген азамат көкейкесті мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына қатысып, арыз-шағымын, талап-тілегін жеткізе алады. Мұндай қабылдаулар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп көшпелі форматта да ұйымдастырылды. Соның арқасында ең шалғай ауыл тұрғындарының айтарына партия құлақ түрді. Өз кезегінде жеке адамның әлеуметтік мәселесінен бастап, аудан, қала, облыс тұрғындарын алаңдатып отырған мәселенің оң шешілуі партияның басты назарында. Билік пен бұқара арасындағы партия ұсынған диалог алаңының тыныс-тіршілігі турасында «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановпен сұхбаттастық.

– Азамат Дулатұлы партияның қоғамдық қабылдау кеңселерінің жалпы саны қанша? Оларға биыл қанша азамат жүгінді?

– Бүгінде елімізде қоғамдық қабылдау кеңсесінің 238 филиалы бар, оның 1-еуі республикалық болса, 17-сі облыстық, қалған 214-і – аудандық кеңселер. Бұған қоса, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ секілді ірі кәсіпорындар жанынан құрылған 6 бастауыш партия ұйымы бар, олардың қызметкерлері еш жерге шықпай, сондағы қоғамдық қабылдауға жүгіне алады. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтың сұрағы қай салаға жататынына қарай, тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі. Егер облыс деңгейінде қаралатын мәселе болса оны облысқа, республика деңгейінде болса бізге жолдайды. Біз әлгі мәселені шешу үшін министрліктермен немесе депутаттармен жұмыс істейміз. Бәрімізге белгілі, Мәжіліс депутаттарының 76 пайызы – «AMANAT» партиясынан, сондықтан заң қабылдау кезінде көпшілік дауыс біздің партиядан болады.

Жыл басынан бергі 7 айда барлық қоғамдық қабылдауларға 91,1 мың өтініш келіп түсті.

– Тұрғындарды көбіне қандай мәселелер алаңдатады?

– Келіп түскен өтініштердің көп бөлігі, яғни 31 пайызы – әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты сұрақтар. Әсіресе материалдық көмек, әлеуметтік көмек, зейнетақы, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды техникалық көмек құралдарымен қамтамасыз ету деген сияқты өтініштер жиі түседі. Екінші орында (18 пайызы) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа байланысты мәселелер тұр. Оған абаттандыру, сумен, жылумен, жарықпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік мәселелері кіреді. Одан кейін азаматтар (10 пайызы) тұрғын үймен қамту және жер телімдерін бөлуге қатысты сұрақтармен жүгінеді. Келесі өзекті мәселелер – жұмысқа орналасу және еңбек құқықтарының бұзылуы (10 пайыз), сондай-ақ денсаулық сақтауға (4 пайызы) байланысты сұрақтар.

Тұрған аймақтарына қарай, азаматтардың сұрақтары да әртүрлі болып келеді. Мысалы, қала халқы жеке бас мәселелерімен жиірек жүгінсе, ауыл халқын көбіне жүйелі проблемалар алаңдатады. Біз мобильді қоғамдық қабылдау аясында ауылдарға да шығамыз. Оған ауыл қариялары келеді. «Сіздерге не керек?» деп сұрасақ, «Бізде бәрі жақсы. Тек мына көшені жөндеп берсеңіздер болды», «балалар мектепке баратын көшеге жарық орнатып берсеңіздер болды» немесе «су мәселесін шешіп берсеңіздер болды» деп, ауылға керек игіліктерді сұрайды.

– Олардың шешіліп-шешілмегенін сіздер бақылап отырасыздар ма? Жалпы, қанша мәселе шешімін тапты?

– Иә, барлығын да арнайы электрондық жүйе арқылы көріп, қадағалап отырамыз. Бізге кез келген аймақтан, кез келген ауылдан түскен өтініштердің бәрі және олардың орындалу барысы көрініп тұрады. Негізі, кодекс бойынша қайта бағытталған (яғни белгілі бір мемлекеттік органның қатысуымен шешілетін) өтініштер 30 күнде қарастырылуы керек. Өтініштің орындалу мерзімі одан асып кетсе, бізге «мына мәселеге жауап берілмей жатыр» деген сигнал келеді. Ондайда қайтадан жауапты органға хабарласып, анық-қанығын тексереміз. Одан бөлек, тіпті жүйеде «оң шешілді» делінген өтініштердің иесіне телефонмен қайта хабарласып, шынымен де осы жауапқа қанағаттанатынын-қанағаттанбайтынын сұраймыз. Биыл келіп түскен өтініштердің 49 пайызы оң шешілді.

Тағы бір айта кетерлігі, біз әсіресе ауыл-аймаққа шыққанда, тұрғындарды толғандыратын кейбір мәселелерді шешудің ортақ жүйесін құруға тырысамыз. Мысалы, партия Төрағасының тапсырмасымен 14 наурыздан бастап ауылдарды аралауды бастадық. Бүгінге дейін 700-ге жуық ауылды қамтитын 509 мобильді қабылдау өтті. Онда 5 454 өтініш түсті. Азаматтар жайылымдық жер мәселесін көп көтерді. Әрбір төртінші ауыл тұрғынына мал жаюға жер жетпейді екен. Осы мәселені ескеріп, «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» жобасын әзірлеп шығарды. Соның арқасында бүгінде 293 200 гектар жер халыққа қайтарылды. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Одан бөлек, ауыл адамдары бизнес ашқысы келетінін айтады, бірақ оған арналған мемлекеттік бағдарламалар жайында білмейді. Кәсіпкерлерге арналған гранттар, төмен мөлшерлемемен несиелер барынан хабарсыз. Осы мәселені естіген соң, Орталық аппарат «Ауыл аманаты» деген жобаны іске қосты. Соның аясында бизнес-спикерлерді, кәсіпкерлер палатасының өкілдерін, депутаттарды тартып, ауыл халқын бизнес құру жөнінен сауаттандырып жатыр. Осылайша, ауылдарда өтетін мобильдік қабылдаулардың нәтижесінде негізгі проблемалар анықталып, олардың тиісті шешімі қабылдануда. Тағы бір байқағанымыз, өңірлердің халқы құқықтық, қаржылық мәселелерді оншалықты жетік біле бермейді. Сондықтан алдағы уақытта оларға құқықтық, қаржылық жағынан сауаттандыратын жаңа жобаның тұсауын кесу ойымызда бар.

– Мобильді қоғамдық қабылдаулар шынымен ауыл халқының мұң-мұқтажы тыңдалатын тиімді алаң болып тұр. Сіздер барған ең шалғай ауыл қандай?

– Біз барған ең шалғай ауыл Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылы болды. Барып-келу үшін 759 шақырым жол жүрдік. Біз ауыл-аймақты араларда тек қоғамдық қабылдау кеңсесінің өкілдері ғана болып бармай, облыс әкімі, аудан әкімі, облыстық басқарма басшыларын бірге алып барамыз. Олар мәселені сол жерде тыңдап, тиісті амалдарын сол жерде айтып, проблеманың мүмкіндігінше тезірек шешілуіне көмектеседі.

– Әлгінде ауыл халқынан көбіне жүйелі мәселелер бойынша өтініштер түседі дедіңіз. Бүгінге дейін оңынан шешілген сондай ірі мәселелерді атап өтіңізші.

– Мәселен, Атырау облысы Исатай ауданының тұрғыны Балғаным Қайырлиева партияға Атырау–Астрахань тасжолын жөндеу бойынша өтінішпен жүгінді. Оның айтуынша, үш жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары үнемі тоқтап қала берген. Бұл тасжол бойынша 7 ауылдық округ бар. Жеңіл көліктерге бұл жолмен қатынау қиын, ал күніне Атырау–Астрахань тасжолымен 200-300 жүк көлігі өтеді. Содан көтерілген шаң ауыл тұрғындарының тынысын тарылтып, денсаулығына зиян келтірген. Көлік апаттарының да саны көбейген. Дәл осы тұрғынның өтінішінен кейін бұл мәселе қайта көтеріліп, жөндеу жұмыстары басталды.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тұрғындары жаңа мектеп құрылысы қажет екенін айтып, қоғамдық қабылдауға келген. Партияның «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бұл мәселені Темір аудандық мәслихатының депутаттары қарастырып, соның арқасында облыстық бюджеттен жаңа ауыл мектебін салуға қаражат бөлінді.

Тағы бір еске түскен мысал – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Ильич ауылында тұрғындар партияға фельдшерлік-акушерлік пунктінің ғимараты бойынша жүгінді. Әлгі ғимарат әне-міне құлағалы тұрған әрі ішінде еш жағдай жасалмаған. Бұл мәселе бірден партия назарына алынып, көп ұзамай фельдшерлік-акушерлік пункт жөндеу жұмысы жасалған ғимаратқа көшірілді.

Басқа да мұндай мысалдар жетерлік.

– Ал шешімі табылмайтын, тұйық шеңбер бойымен айнала беретін мәселелер бар ма?

– Ондай мәселелер де бар. Олар көбіне өз жұмысын жауапсыз атқаратын қызметкерлердің кінәсінен туындайды. Мысалы, Жамбыл облысының аумағы арқылы қырғыздардың теміржолы өтеді. Онда қазақстандықтар жұмыс істейді. Бірақ Қырғыз Республикасы жағы өз азаматтарына ғана зейнетақы төлемін аударып, біздің жұмысшыларға төлемейді екен. Азаматтар бұл мәселемен қайда жүгінерін білмей дал. Оны естіген соң, біз «Қазақстан темір жолы» АҚ мен БЗЖҚ-ға хат жаздық. Біршама уақыттан соң олардан «бұл заңсыз» деген жауап келді. Заңсыз екені түсінікті, бірақ ондай жағдайда не істеу керектігін мемлекеттік орган қызметкерлері өтініш иелеріне түсіндіріп, мәселені шешуге көмектесуі керек қой. Енді біз осы проблеманы айтып, Қаржы министрлігіне хат жолдадық, жауап күтеміз.

– Ал сіздер қандай өтініштерді бірден кері қайтарасыздар?

– Кейбір азаматтар сот арқылы ғана шешілетін мәселелермен келеді. Мысалы, жеке кәсіпкерлік пен мемлекеттік орган арасында болған түсініспеушілікті біз реттей алмаймыз. Кімдікі әділетті екенін тек сот шешеді. Сондай-ақ «тұрғын үйге, балабақшаға кезегімді жылжытып беріңіздерші» дейтіндер де болады. Оларға арнайы регламент барын, ереже барын түсіндіріп, шығарып саламыз.

– Қоғамдық қабылдауға келе алмай, үлгермей қалған азаматтар сіздерге қалай жүгінуіне болады?

– Онда азаматтар өзінің аты-жөнін, ЖСН-ін және алаңдататын мәселесін жазып, соны суретке түсіріп, біздің WhatsApp желісіндегі нөмірімізге жолдаса болады. Екіншіден, komek@amanatpartiasy.kz электронды поштамызға да хат түрінде жібере алады. Үшіншіден, өтініштерді қабылдайтын колл-орталығымыз бар. Сондай-ақ партияның сайтында да өтініш қалдыруға арналған бөлім бар. Одан бөлек, E-Otinish порталы арқылы да өтініш қабылдаймыз. Сонымен қатар, Facebook және Instagram желілеріндегі ресми аккаунттарымызға да жіберуіне болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.