Талап бар жерден таланттар шығады
Талап бар жерден таланттар шығады
1,112
оқылды
«Ғылым патшасы» деп аталатын математикадағы отандастарымыз жайлы айтқан кезде ойға ең бірінші – Дөрбетхан СҰРАҒАН түседі. Ол ел тарихындағы Мемлекеттік сыйлық алған ең жас ғалым ғана емес, Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығының да Орта Азиядағы алғашқы лауреаты. Сонымен қатар әлем бойынша еңбектеріне келтірілген сілтемелер саны ең көп қазақ ғалымдарының бірі. Тіпті математикада Ружанский-Сұраған гипотезасы бар. Қазір ол Назарбаев Университетінде шәкірт тәрбиелеп, қазақ ғылымының гүлденуіне үлес қосып жүр. Жақында жас ғалыммен әңгімелесіп, бүгінгі білім жүйесі және қазақ қоғамы жайлы әңгіме өрбіткен едік. – Математиканы сүйіп оқитын бала аз. Сіздің бұл ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай басталды? – Ол рас, математиканы сүйіп оқитын бала аз. Дегенмен қай баланы алып қарасақ та оның бойында математикаға деген азды-көпті қызығушылығы болады. Ал баланың математикаға деген қызығушылығын ары қарай арттыру үлкендердің жұмысы. Яғни математика мен оқушының достасуына мұғалім мен ата-ана жауапты. Қазір балалар көп уақытын смартфондарға телмірумен өткізеді. Тоқсаныншы жылдары мен өскен өңірде электр қуаты да болмаған. Бос уақытым көп болды. Үлкендердің артынан қалмай «шахмат, дойбы ойнайықшы» деп жүретінмін. Қарапайым ойын баласы болып өстім. Ойлауға, қиялдауға көп мүмкіндіктер болды. Осылайша өз еркімнен тыс математикаға бейімделе бастадым. Бірақ, шынымды айтсам, математикаға қызықпадым. Себебі мен өскен ортада ғалымдар болған жоқ. «Математик боламын» деу үш ұйықтасам да ойыма келмейтін. Кішкентай кезімде көркем шығармаларды көп оқығандықтан іштей «жазушы болсам» деп армандайтынмын. Математикаға деген қабілетім жоғары болған соң осы салаға бейімделдім. «Грантқа түсуім керек» деп жоғары оқу орнына тапсырдым. Математика мамандығына ұпайым жетпей, механикаға грантқа түстім. Ғылымға деген қызығушылығым, «математик боламын» деген арман сол жерде басталды. Неге? Себебі ғылым болсын, мейлі өнер, спорт саласы болсын сол орта әділ, сол орта таза болса шын мықтылар, маман шығады. 2000-жылдары емтиханнан өтудің өзі студенттер үшін алынбас асу болатын. Көшіру деген жоқ. Емтиханның бәрі ауызша. Қатар оқыған студенттердің жартысы оқудан шығып кетті. Менің ойымша, талап бар жерден талантты адам шыға бастайды. ҚазҰУ сол кезеңде бітірген түлектер қазір әлемнің әр түкпірінде жұмыс істеп жүр. Ендеше менің ғылымға келуіме осы орта әсер етті. Оны мен өзім де байқаған жоқпын. Сол ортада жүріп ұстаздарымыздың көзіне түстім. Сол кісілердің ұсынысымен түрлі семинарларға қатыса бастадым, ғылымда Ньютон заманынан бері шешілмей келе жатқан есепті шешіп біраз нәтижеге де жеттік. Осылай ғылымға қалай келгенімді байқамай қалдым. Тек оқу бітіретін кезде ғалымдарды көріп, олармен пікірлесіп «ғалым» боламын, математика ғылымымен айналысамын деп шештім. – Ел тарихында ғылым және техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық алған ең жас ғалымсыз, өзіңіздің ғылыми зерттеулеріңіз туралы айта кетсеңіз. – Ғылыми зерттеуімнің басы Алматыда оқып жүргенде басталды. Кейін 2 жылдай Америкада Бостон қаласында, Нью Йоркте тұрып, тіл үйрендім. Ол жақты күн сайын математиканың түрлі халықаралық семинарлары өтеді. Ең бастысы, кәсіби мәдениет қалыптастырдым. Әр кәсіпте жазылмаған мәдениет, жазылмаған ұстаным болады. Оны өз көзіңізбен көрмейінше, сол ортаны сезінбейінше, түсіну мүмкін емес. Мен сол дағдыны Америкада қалыптастырдым. Кейін жүйелі түрде білімімді Англияның Лондон қаласындағы империялық колледжде жалғастырдым. Сол жерге ғылыми қызметкер болып қабылданып, «Математикадағы теңсіздіктер» тақырыбын зерттей бастадым. Басты мақсатым – бір-бірінен алыстап кеткен математикалық салаларды қиюластырып, жаңа математикалық теория тудыру. Ісіміз алға басып, бірнеше жаңа нәтижелерді ала бастадық. Осы салаға қызығушылық танытқан сарапшылар мен мамандар кітап шығару жөнінде ой тастады. Осылайша «Біртекті топтардағы Харди теңсіздіктері» деп аталатын монография жаздық. Осы кітап үшін жылына бір рет математикадағы үздік теорияға берілетін The Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығын алдық. Кейін осы бағыт бойынша мемлекеттік сыйлыққа ие болдым.  – Америкада да, Англияда да тұрдым дедіңіз. Жалпы Қазақстанда шет елдермен салыстырғанда интеллектуалдық еңбек қаншалықты бағаланады? – Ол қоғамның сұранысына байланысты. Мемлекет нарықтық қоғамға эволюциялық түрде емес, жабайы түрде аяқ басса адамдар «әйтеуір ақша табу керек» деген идеяны ұстанады. Бұл жерде интеллектуалдық құндылық та, адамның еркіндігі де жайына қалады. Біз дамыған мемлекеттерге санап жүрген елдердің қоғамы да бірден пайда бола салған жоқ. Олар да даму жолдарының барлығын бастан өткеріп, әртүрлі қиындықтардан кейін осындай дәрежеге жетіп отыр. Сол себепті дамушы елдер керісінше көбірек әрекет етіп, дамыған елдердің тәжрибесін өз елінің ерекшеліктерімен ұштастырып, орынды/тиімді реформалар жасап, біртіндеп сол деңгейге жетеді. Тарихқа үңілсек, біздің қоғамда интеллектуалдық құндылықтар бұрын ерекше бағаланатын. Оған бір ғана халқымыздың ақындық өнері дәлел. Соңғы он жылда біз осы қасиетімізден айырылып қалдық. Интеллектуалдардың, ғұламалардың болуы, оларды сыйлау бізде бұрыннан бар. Соны қайта жаңғыртуымыз керек. Жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ.   ҰЛТ РЕТІНДЕ ҚҰРБАНДЫҚҚА БАРДЫҚ – Қоғамда нақты ғылыммен айналысатын математиктер аз деген пікір жиі айтылады. Алайда халықаралық жарыстарда қазақ жастары үнемі жүлделі орындар алып жүр. Сонда бұл кереғар түсінік қайдан туындап отыр? Жастар математика ғылымына түбегейлі бет бұруға неге дайын емес? – Тәуелсіздікке дейін де, одан кейін де еліміздің мектеп оқушылары математикадан халықаралық жарыстарда жүлдесіз қайтқан емес. Мектеп командасы математикадан алғашқы 30 елдің қатарында деп мен сенімді түрде айта аламын. Қазақ жастарының математикаға қабілеттерінің ерекше екенін академик Асқар Жұмаділдаев та, Мұхтарбай Өтелбаев та айтып жүр. Мұны мен де жастармен жұмыс істеу барысында байқадым. Бірақ тоқсаныншы жылдары мықты ғалымдарымыз күн көру үшін бірі шетелге кетсе, бірі ғылымды тастап кетті. Олардың барлығы дерлік қайтып келмеді. Осылайша, орта буыннан айырылдық. Абайдың «ғалым бол» дегенін ұмытып, ұлт ретінде құрбандыққа баруға мәжбүр болдық. Соның салдарынан математика ғылымына жастар аз келді. Алайда соңғы бес жылда осы олқылықтың орны толып жатыр. Мүмкін бұл сырттан қараған адамға байқал майтын шығар. Бірақ осы салада жүрген маған математика ғылымында үлкен оң өзгерістердің болып жатқаны, жастардың мемлекет қаржыландыратын ірі жобалармен айналысып, халықаралық деңгейде шешілмеген мәселелерді шешіп жүргені мәлім. Бұл сұрақтың туындауына да орта буыннан айырылғанымыз себеп болып отыр. Мемлекет іргелі ғылымды қаржыландыруға көңіл бөліп жатыр. Идеясы бар кез келген жас математик мемлекеттік грант алып, 3 жыл бойы өзі қызығатын есептердің шығару жолын іздейді. Ары қарай шетелден тәжірибе жинап келуге де, шәкірт тәрбиелеп тәуелсіз маман атануға да болады. Мемлекет мүмкіндік жасаған соң жастар да ғылымға бет бұрды.   ҚАЗІР БІРЛЕСІП ҒЫЛЫМ ЖАСАЙТЫН ЗАМАН – Назарбаев университетінде студенттерге ағылшын тілінде дәріс оқисыз және ағылшынша кітап жаздыңыз. Жалпы қанша тіл білесіз? Ғалымдарға көп тіл білу қаншалықты қажет? – Мен азды-көпті төрт-бес тіл білемін. Бірақ математиканың өзі тіл. Сондықтан математикада жалпы айтқанда тіл білу маңызды емес. Тарихта мықты теориялар дәлелдеген ғалымдарда көп тіл білмеген. Сондықтан ғылымда қанша тіл білгенің емес, логикаңның және сараптауың мықты болғаны маңызды. Дегенменде қазір заман өзгерді. Бұрын ғылыми жаңалықты көбінде бір адам ғана ашатын. Ал қазір жалғыз адамға жаһандық жаңалық ашу мүмкін емес. Бір адам ғылым жасай алмайды деп жоққа шығармаймын. Бірақ өзі жалғыз теорема дәлелдейтін адам санаулы. Ал қазір бірлесіп ғылым жасайтын заман. Ғылыми жаңалық дегеніміз баспалдақтардың жалғасы. Соңғы баспалдақ та емес, алғашқысы да емес. Осы уақытқа дейін жасалған ғылыми жетістіктерге негізделе отырып, қазіргі ғылыми оқиғаларды салыстырып ғана ғылыми жаңалық ашуға болады. Ал ол үшін ағылшын тілі керек. Себебі ағылшын тілі – ғылыми тіл. Жаһандану заманында ағылшын тілін білмей біреу үлкен жаңалық ашса мен таңғалар едім. Ғылым қарқынды дамып жатыр, оның жылдамдығын салыстыруға келмейді. Қазір мен осы жерде бір теорема дәлелдеп отырсам, оны осы сәтте басқа елде мықты математиктер жиналып одан да мықты жалпы теорема дәлелдеп отыруы мүмкін. – Бір кездері жаратылыстану ғылымдарын мектепте ағылшынша оқытайық деген ұсыныстар айтылды. Сонда сіз соған келісесіз бе? – Егер жоғары оқу орындарында ағылшынша оқытсақ онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ бұл мәселе қазақ тілінің есебінен болмауы керек және бастауыш сыныптар қазақ тілінде ғана оқытылуы қажет. Қазақшаны білеміз, баламызды басқа тіл де оқытамыз дегендер ақылы мектептерде оқыта берсін. Елдің тірегі – тілі, мәдениеті, тарихы. Мұны барлығымыз білеміз. Сондықтан мемлекет ең бірінші балаға ана тілінде тегін білім беруі керек. Себебі оқушының бәріне ғалым болу міндет емес. Біз ең бірінші, ел болуымыз қажет. Бала ағылшын тілінде оқыса ақылды болып кетпейді. Қазақ тілі арқылы математиканы да, барлық заңдарды да түсіндіруге болады. Қазақ тілін технологияны түсіндіретін деңгейге жеткізбесек ол ауызекі тіл болып қалады. Сол себепті бізге жаратылыстану ғылымдарын ағылшынша оқытуға әлі ерте. Мүмкін орта мектептің соңғы сыныптарында үлгерімі жақсы балаларды ағылшынша оқыту керек шығар. Ал Финлияндия сияқты елдерде ғылым сабақтары ағылшын тілінде оқытылады. Бірақ ол жаққа барған адам ортаға түскеннен кейін бірден фин тілін үйреніп кетеді. Өйткені ол елде оқулықтар фин тілінде және ол тілге деген сый-құрмет қалыптасқан. Бізде біреудің қаңсығын таңсық көретін басшылар бар. Шетелдің реформасы дейді де, жұмыс істеп жатқанын көрсету үшін ешкіммен ақылдаспай айды аспанға бірақ шығарады. Оның зардабын соңында оқушы көреді. Сондықтан білім саласында қандай реформа жасасақ та ең бірінші мектептегі педагогтармен ақылдасуымыз керек. – Жас ғалымдардың көбі шетелге кетуге құмар. Бұл туралы не ойлайсыз? Олардың отанынан кетуіне Қазақстандағы ғылыми ортаның жоқтығы себеп пе? – Ғалымдардың, жастардың шетелге кетуі табиғи құбылыс. Ғылымдағы мәдениет бойынша әр ғалым өзі білім алған оқу орнында посдок ретінде қызмет етіп қалмайды. Басқа елге барып ғылым үйреніп келсе ғана қайта оралуға болады. Бірақ таразының екі жағын салыстыру керек. Егер бізден кеткен жастардың саны елімізде қалған жастардан көп болса уайымдауға негіз бар. Қазір математика саласында бұл үлес тең. Шетелдің белгілі университеттерінде қызмет ететін ғалымдармен жақын араласамын. Алматыдағы математика институтындағы жастар да әлемдік конференцияларға қатысып, елеулі еңбек етіп жүр. Сондықтан мен математика саласынан трагедия көріп тұрған жоқпын. Менің ойымша, мемлекет іргелі ғылымдарға ары қарай да көңіл бөлуі керек. Іргелі ғылымдар – мемлекеттің интеллектуалдық потенциалы. Ол дамымаса, елдің болашағы да болмайды.   БӘРІ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА КЕЛІП ТІРЕЛЕДІ – Қазір мектеп бітірген түлектер «грант үшін» ҰБТ-да математика-физика пәндерін көп таңдайды. Бірақ төрт жыл өзі таңдаған мамандықтың кілтін таба алмай, алған дипломдарын сандыққа салып қойғандар да бар. Бұл мәселеге қатысты ойыңыз қандай? – Бұл нарықтық қоғамның сипаты. Мұнымен біз күресе алмаймыз. Әңгіменің басында айтқанымдай, мен де «грант» үшін өзім қаламаған мамандыққа түстім. Мәселе мамандық таңдауда емес, ол саладағы адалдықта. Бала грантқа түссем болды деп физика таңдап техникалық мамандыққа түсті делік. Бірақ университет те өз беделі үшін оқымайтын баланы гранттан шығармай, төрт жыл ұстап жүреді. Ендеше бұл жерде университет кінәлі. Айналып келгенде бәрі жемқорлыққа келіп тіреледі. Айталық, 30 бала оқуға түссе оның кемі 10-ы сол мамандықты қалап түседі. Қалған жиырмасы грант үшін түсуі мүмкін. Егер университетте әділдік болмаса, қаламай оқуға түскен 20 баланың көңіл-күйі қалған 10 балаға әсер етеді. Қалай? Оқытушылар сабаққа келмейтін студент пен тырысып оқып жүрген студентке бірдей баға қойып береді. Нәтижесінде оқимын деген баланың беті қайтып, ол да қоғамның басқа саласына бет бұрып кетуі мүмкін. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы – адалдық. Оқымаған студентті әділ бағалап жоғары оқу орны оқудан шығарып жіберсе, ол студентке де тиімді. Ол ілініп-салынып бір орында 4 жыл уақытын құртпай, нақты өз саласын іздейді. Ал біз керісінше істеп жүрміз. Амал жоқтықтан бала грантқа түседі, оқытушылар амал жоқтықтан оқытады, ата-аналар да амал жоқтықтан шыдайды. Қазір жоғары оқу орындарына еркіндік берілген. Бірақ университеттердің қалауы ақша. Мемлекеттік грантты көбірек алсақ деп ғана ойлайды. Осылай біздің қаншама жастарымызды құртты. Ал Америкада, дамыған елдерде бәрі басқаша. Грантқа түскен бала оқи алмаса немесе оқығысы келмесе оқудан шығарылады. Бір жерде даяшы болып, бір жерде әкімші болып жүріп өз жолын табады. Билл Гейтс, Стив Джобс, Марк Цукерберг, Илон Маск дегендердің барлығы да осы жолдан өткен. – Осы жерде бір сұрақ туындап отыр. Қазір техникалық мамандықтарға грант санын жыл сайын көбейтіп жатырмыз. Бірақ біз жастарды оқытуын оқытып алып, кейін жұмыспен қамти алмай қалмаймыз ба? – Мен сіздің айтқаныңызбен келісемін. Соңғы кезде біз техникалық мамандықтарды көп айтып, гуманитарлық салаға көңіл бөлмей кеттік. Бұл уақыт өте келе үлкен мәселеге айналады. Өмір тек қана компьютер мен математикадан тұрмайды. Ендеше елдің бәріне бұл салаларды меңгеру міндет емес. Сондықтан жан-жақты қарауымыз керек. Қоғамдық ғылымдардан эксперттер жетіспей жатыр. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді. Шетелдерден қатты бір артта қалып бара жатқан жоқпыз. Ғылымға бөлінетін гранттар саны артты, грантқа қабылдау жүйесі дұрысталып келеді. Прогресс бар. Бірақ сол прогресс қаншалықты жылдам, қаншалықты жүйелі болып жатыр? Осы қарқынымыздан таймасақ, үміт бар. Талантты жастарымыз көп. – Бір сұхбатыңызда «Шетелде сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де, мектепте де, жоғары оқу орындарында да пәнін қай кітаппен оқытатынын мұғалім, профессор өзі таңдайды» депсіз. Ал елімізде мектеп оқулықтарының сапасына қатысты сын жиі айтылады. Ғалым ретінде қазіргі білім беру бағдарламасында қолданып жүрген математика оқулықтарын қалай бағалайсыз? Көңіліңізден шықпаған тұстары бар ма? – Бұрындары оқулықтарда олқылықтар бар еді. Қазір түзеліп келе жатыр. Ешқашан мектеп оқулықтары да, кітап та мінсіз жазылмайды. Шетелде де оқулықтарға қатысты сын бар. Бірақ мұғалім пәнін қай кітаппен оқытатынын өзі таңдауы керек. Ол үшін сол пәнге бірнеше оқулықтың нұсқалары болуы қажет. Бүгінде оқулық жазса оны міндетті түрде сарапшылардың алдынан өткізу міндеттелген. Тегін сараптамадан өткізудің оңай жолы бар. Бірнеше авторға кітап жазғызып, сол кітапты мектептің мұғалімдеріне оқыту керек. Сонда нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Педагогтарға ұнаған, ең тиімді оқулық өзі-ақ сұрыпталып шығады. Еліміздегі университеттерде бұл жүйе бұрыннан қалыптасқан. Мен силлабус жасағанда оқулықты өзім таңдаймын. Оны маған университет таңдап бермейді. – Әңгімеңізге рақмет!