Жері мал бағуға да, егін салуға да қолайлы Жамбыл өңірінде ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Шаруалардың төккен тер, еткен еңбегінің өтеуі болып, қамба астыққа толып, төрт түліктің де саны жыл санап көбейіп келеді. Ауыл шаруашылығын өңір экономикасының драйверіне айналдыру мақсатында инвестициялық жобалар жүзеге асып, тың технологиялар да қолданыла бастады.
711 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың алты айында асыраушы салада 100,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102 пайызды құраған. Оның ішінде егін шаруашылығында 4,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 126,6 пайызға жетсе, мал шаруашылығында 95,7 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, өсім 101 пайызды еңсерген. Аграрлық саланың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 14,1 миллиард теңгені құраса, жыл соңына дейін оны 46,7 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.
– Осы бағыттағы жұмысты ілгерілету мақсатында 2022 жылы 4,5 миллиард теңгеге «Valley» компаниясымен 2,6 мың гектар алқапқа 50 жаңбырлатқыш қондырғысы орнатылады. Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту және қант қызылшасы дақылына қажетті техника базасын жақсартуға шаруашылықтарға облыстық бюджеттен 717,7 миллион теңге жеңілдетілген несие қарастырылды. Сондай-ақ 2022 жылы облыстағы қаржы институттары арқылы ауыл шаруашылығын қолдауға 23 миллиард теңге сомасында жеңілдетілген несие бөлініп, 9,3 миллиард теңгесі шаруаларға берілді. Байқап тұрсаңыздар, биыл агро өнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік қолдаулар үлесі айтарлықтай ұлғайып отыр. Тағы бір тілге тиек етерлігі, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары облыс бойынша егіс алаңының 756 мың гектарға орналастырылып, 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға ұлғайды, – дейді облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.ТЕХНИКАЛЫҚ ПАРК ЖАҢАРДЫ Бүгінде облыстағы агроқұрылымдардың еншісінде 12316 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар. Биыл жаңартылған техника санын 11 пайызға жеткізу жоспарланса, есепті кезеңде бұл көрсеткіш 5 пайызға орындалған. Алынған техника саны 611 дана болса, оның 7-і комбайн, 106-ы трактор және 498-і өзге де техникалар. Асылтұқымды бұқаны табынға қосу арқылы елді мекендердегі мүйізді ірі қараны асылдандыру жұмыстары да жемісті жүргізіліп келеді. Сиыр табандарына «Голштейн», «Қазақтың ақбас бұқасы», «Әулиекөл», «Ангус», «Герефорд» сияқты асылтұқымды 163 бұқа қосылған. Өңірде ет өнімін тереңдете өңдеумен жылдық қуаттылығы 35933 тоннаны құрайтын 43 кәсіпорын айналысады. 2020 жылы 10 мың 800 тонна ет өңделіп жүктелімі 30 пайызды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 13 мың 500 тоннаға жеткен. Ал 2022 жылы 15 мың 500 тонна етті өңдеп, өндірістік қуаттылықты 43 пайызға көтеру жоспарланған. Сонымен қатар сүт өндірісін дамыту мақсатында облыста жылдық қуаттылығы 79 мың 500 тоннаны құрайтын 24 сүт өңдеуші кәсіпорын жұмыс атқарады. 2020 жылы 65 мың 100 тонна сүт өңделіп жүктелімі 82 пайызды құраса, биыл 70 мың 200 тонна сүт шығарып, жүктелімі 88 пайызға дейін артпақ.
– Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ қосымша енгізіліп, 253 жаңа жоба жанданды. 28 дана ауыл шаруашылығы техникасы беріліп, бір отбасының қосымша табысы 82 мың теңгеге жетті. Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округті толығымен қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 миллиард теңгені құрайды. Баянды бастаманың екінші кезеңінде 25 мыңнан астам жаңа кәсіпорын ашылып, 7 500-ге жуық жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 16 мың адамға қысқармақ. Сондай-ақ үй іргесіндегі егіс көлемі 109 мың 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары және 231 мың тонна ет пен сүт өнімдері өндіріледі. 798 мың тонна дәнді дақылдар мен мал азығы дайындалады. Агроөнеркәсіп кешені саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар басқарманың тұрақты бақылауында және белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізілетін болады, – дейді облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.P.S Әрине, аграрлық саланың алға басуымен ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеледі. Бастысы, азық-түлік қауіпсіздігі, импортқа тәуелділік мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы қарышты қадам ретінде пилоттық жобаның жалғасын тапқаны қуантады. Енді осы жеткен межеге тоқмейілсімей, жыл аяғында межелі көрсеткіштер асыра орындалып жатса құба-құп.