Қорғаныс министрлігі әскерде азғындық көрдім деген қыздың ісіне қатысты тергеуді аяқтады
Қорғаныс министрлігі әскерде азғындық көрдім деген қыздың ісіне қатысты тергеуді аяқтады
© ult.kz
682
оқылды
Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес, құрылған арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметші А.Елшібаеваның Қарулы Күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан оған оғаш қылық көрсетуі туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға қатысты қосымша тексеруді аяқтады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, министрліктің комиссиясы азаматша А.Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді.
«Комиссияның жан-жақты тексерісінің нәтижесінде А.Елшібаеваның арызында көрсетілген фактілер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады. Бұған дейін 2022 жылғы 6 мамырда Қонаев гарнизонының әскери полиция бөлімі аталған әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Батальонның барлық жеке құрамы А.Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілерінің болғанын растамады. Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша А.Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады», делінген ведомство хабарламасында.
Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше рет ескерту алған және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін  тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұған дейін әскерде азғындық көрдім деген әйел журналистерге сұхбат берген болатын.