Бастөбеде «Достық» монументі ашылды
Бастөбеде «Достық» монументі ашылды
Жетісу облысы Қаратал ауданының Бастөбе ауылында Оңтүстік Корея жұртшылығының атынан «Достық» монументі мен мемориалы ашылды. Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өткен шараға Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Керімбек, Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков және Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Бас консулы Пак Нечхон қатысты.   Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Бас консулы Пак Нечхон аудан халқымен, осында тұратын корей этносы өкілдерімен кездесуде: «Мен өз атымнан және Корея мемлекетінің атынан Қазақстан халқына шексіз алғыс  айтамын.  width= Біз Қазақстан Республикасын, соның ішінде Қаратал ауданының орталығы  Үштөбе қаласын қасиетті де киелі аймақ, біздің алтын бесігіміз деп санаймыз. Өйткені бұл жер қиын-қыстау кезеңде туған жерінен Қазақстанға мәжбүрлі түрде жер аударылған отандастарымызды – біздің ата-бабамызды, апа-әжелерімізге пана болып, жергілікті халық олардың қиын-қыстаулы жылдардан аман өтіп, ұрпақ өсіріп, өркендеуіне көмегін тигізді. Сондықтан да сол кезде жергілікті жұрттың  кең пейілі мен қайырымдылығы арқасында өмір көшіне ілескендердің бүгінгі ұрпағы  ұлы дала мен қазақ халқына мәңгілік қарыздар.  Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа ешқашан сызат түспейді.  Одан әрі нығая береді деп ойлаймын», – деді тебіреніп.  Шарапатты іс-шараға жиналғандар өзара емін- еркін пікір алмасты. Құрметті қонақтарға Жетісу жұртының лебіз-тілегін облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Керімбек жеткізді. Корей этносының қолданбалы өнерінің көрмесі, ұлттық асханасы, ұлттық ойындары ұсынылып, гала концерт ұйымдастырылды. А.Пушкин атындағы мектеп ғимаратында кореялық НЁНДЕ клиникасы мен Чунан университетінің дәрігерлері қараталдықтарды ортопедия, травматология, хирургия, нейрохирургия, неврология, алғашқы медициналық көмек бағыттары бойынша қабылдап, ақыл-кеңес беріп, емдеу жолдарын ұсынды. Бұған дейін дәл осындай дәрігерлік кеңес пен көмек  Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада  жүргізілген. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығына  арналған шаралар Бастөбеде корей халқының атынан «Достық» монументі мен мемориалының салтанатты ашылуымен түйінделді. Осы арада мектеп оқушылары арасында «Достық» тақырыбында өткен байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы