Аманаттықтар елордадағы интернет сапасын бақылауға алды
Аманаттықтар елордадағы интернет сапасын бақылауға алды
501
оқылды
Елорда аудандарының тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі – мобильді байланыс пен интернет сапасы. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне осыған қатысты арыз-шағымдар жиі түседі. Бұл ретте, бүгін партия мүшелері  Sunrise, «Шатер», «Манхэттен» тұрғын үй кешендерін, Ботаникалық бақ аумағын және қала маңындағы «Күйгенжар», «Нұрлы» кенттерін аралап шықты. Іс-шараға Мәжіліс Төрағасының орынбасары, партия фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев, Мәжіліс депутаты, партияның IT комитетінің төрағасы Екатерина Смышляева, ұялы байланыс операторларының өкілдері қатысты. Сарапшылардың айтуынша, байланыстағы іркілістер көбінесе мегаполис шетінде, сондай-ақ қала шетіндегі қарқынды құрылыс аумағында орын алады. Айтылған барлық түйткілді мәселелер Мәжіліс депутаттары мен партияның қалалық филиалының бақылауына алынды. Биыл 15 шілдеде Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Айта кетейік, құжат Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының күшімен қабылданды.
«Заң Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ұялы байланыс операторларының қызмет көрсету сапасы үшін жауапкершілігін күшейтуге қатысты материалдық нормаларды қамтиды. Сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымға сүйене отырып, оптикалық-талшықты байланыс желісін әуеден тарту жөніндегі депутаттар бастамасы да өте маңызды. Мұны барлық мүдделі мемлекеттік органдар қолдады. Елімізде электр желісі қарқынды дамыған. Тіпті, шалғай ауылдық елді мекендерде де қуат көзі бар. Байланыс желісін әуе арқылы тарту – арзан әрі жылдам. Осы норманың қабылдануымен шалғай ауылдардың бір бөлігі интернетке қол жеткізе алады. Қазақстан өңірлерін ұялы байланыспен және интернетпен қамту туралы ақпаратты визуализациялау тәртібі қарастырылған. Мұндай карта еліміздің әрбір тұрғынына уақытылы қолжетімді болады. Сондықтан  байланыстың болуы мен оның сапасына қатысты жалған мәлімет беру қиынға соғады», – деп атап өтті депутат Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар бірқатар маңызды мәселелер әлі де шешімін таппай отыр. Сондықтан  қазір  партиялықтар байланыс мәселесі бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуде. Жақын арада партияның IT комитеті сарапшылар алаңын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ  аманаттықтардың проблемалық аймақтарға сапары жалғасады. Соның қорытындысы бойынша байланыс мәселесі жөніндегі заң жобасына тәжірибелік ұсынымдар қабылданып, толықтырулар, сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады. Бұл шаралар елді мекендерді сапалы мобильді байланыспен және интернетпен қамту аясын ұлғайтуға мүмкіндік береді.