Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 63-і ауыз сумен толық қамтылған. Ал 10 ауыл ауыз суға жартылай қол жеткізсе 8 елді мекені суды тасып ішеді. Яғни 94 пайыз қамтылған. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов ел алдында берген есебі кезінде айтты. «Халықты ауыз сумен қамту үшін 3 жылда 31 мыңнан астам тұрғыны бар 9 елді мекенге ауыз су құбыры тартылған. Қазіргі таңда қаланың солтүстік бөлігіндегі жаңа шағынаудандарды дамытуға ауыз судың қуаты жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 3 магистралды құбыр салуымыз қажет. Биылғы жылы қалалық бюджеттен 8 елді мекенді сумен қамтитын 2 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, шалғайдағы 5 елді мекенді сумен қамтитын магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елді мекен және қалаға жетіспейтін магистралды су құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз», – деді М.Әйтенов. Бұдан бөлек, қала басшысы осы жылы 100 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекенді қамтитын Арғынбеков – Жібек жолы магистралды кәріз жүйесінің құрылысына 850 млн. теңге бөлінгенін және 3 жылдық жоспар бойынша 26 шақырым кәріз коллекторы мен қуаты 150 мың метр куб. тазарту қондырғысының құрылысын кезең-кезеңімен салу жоспарланып жатқанын мәлім етті. Яғни, алдағы уақытта 13 елді мекен кәріз жүйесіне қосылып, коллектордың қабылдау қуаты артпақ. Осылайша, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 49-дан 59 пайызға жетпек. Ал, қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамту мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен қуаты сағатына 250 мың метр кубты құрайтын №3 АГРС құрылысы басталмақ. Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы