Елордада Мәңгілік ел даңғылы жабылады
Елордада Мәңгілік ел даңғылы жабылады
Нұр-Сұлтан қаласындағы басты көшелердің бірі Мәңгілік ел даңғылының Керей-Жәнібек хандар көшесінен бастап Бұқар Жырау көшесіне дейінгі учаскесі бес күнге толығымен жабылады. Бұл туралы елорда әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды.
«Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының келісімі бойынша Мәңгілік Ел даңғылындағы жол төсемі (асфальттың екінші қабат төсемі) бойынша жұмыстары басталды. Осыған байланысты, 15-20 тамыз аралығында Керей-Жәнібек хандар көшесінен Бұқар Жырау көшесіне дейінгі учаскеде автокөлік құралдары үшін қозғалыс толығымен жабылатын болады», - делінген хабарламада.
Айта кететін жайт Мәңгілік ел даңғылының бірнеше учаскесі бұған дейін де жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылған еді. Салдарынан қалада кептеліс ұлғайып, жүргізушілер уақытша қолайсыздыққа тап болды. Сонымен қатар, өткен айдың ортасында Бауыржан Момышұлы даңғылынан бастап Мәңгілік ел даңғылына дейін жалғасып жатқан Сарайшық көшесінің бойында орналасқан М-1 көпірінде де жолды жөндеу жұмысы басталған еді. Әкімдіктегілер жөндеу жұмыстары 16 шілде мен 15 тамыз аралығын қамтиды деген болатын. Алайда қазір көпірдегі жұмыстар сол күйі тоқтап тұр. Сәйкесінше тұрғындар да шағымдарын білдіруде. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі аталған учаскедегі жолды жөндеу жұмысы 10 қыркүйекке дейін аяқталады деп сендірді.