Мектеп құрылысы мерзімінде аяқталуы керек
Мектеп құрылысы мерзімінде аяқталуы керек
235
оқылды
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі талқыланды. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін елімізде 1,2 млн оқушыға арналған 1080 мектеп салынатынын мәлімдеді. Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр 160 мыңнан астам оқушыға арналған 277 жаңа мектеп ашылды. Соған қарамастан, елімізде үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептердің саны артып келеді. Егер жыл басында елімізде 136 үш ауысымды және 31 апаттық жағдайдағы мектеп болған болса, бүгінде үш ауысымды мектептер саны 151-ге, ал апаттық жағдайдағы мектептер 37-ге жетті. Мұның бір себебі – өңірлік білім басқармалары құрылысты көші-қон процесі мен демографиялық ахуалды ескермей жоспарлап отыр. мектеп
«Жұмыс істеп тұрған мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге қажет қаражат уақытылы бөлінбейді немесе мүлдем берілмейді. Соның салдарынан ғимараттың тозығы жетеді. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 791 мектеп ғимараты күрделі жөндеу жұмысын қажет етеді. Ал 716 мектепте орын саны тапшылығы бар. Яғни, бұлар – апаттық жағдайдағы мектептер. Тиісінше, үш ауысымды білім ошақтарының қатарына жатады», – деді Шолпан Каринова.
Айта кету керек, былтыр үш ауысымды және апаттық жағдайдағы 40 мектептің мәселесі шешілді. Биыл осындай 35 мектеп мәселесінің алдын алу жоспарланған. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәлімдегендей, «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін орындау шеңберінде биыл 220 орта білім беру мекемесі пайдалануға беріледі. мектеп
«Оның 148-ін жыл соңына дейін тапсыру жоспарланса, қалған 72 мектеп 1 қыркүйектен бастап оқушыларды қабылдауға дайын болуы керек. Алайда, бүгінде тек 15 мектептің дайындық деңгейі 90 пайызды құрайды. Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Ақтөбе облыстарында құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқаны байқалады. Бұған құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты қаражат тапшылығы себеп болып отыр. Қаңтар айынан бері құрылыс материалдары 50 пайызға, ал кейбіреуі 70 пайызға қымбаттады. Соның салдарынан жобалық-сметалық құжаттаманы қайта бекітуге тура келеді. Ал бұл жұмыс құрылыс барысын және мектептердің уақытылы пайдалануға берілуін кешіктіреді. Сондықтан республикалық және өңірлік кеңестердің мүшелері Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырмасын ескере отырып, бұл мәселені бақылауда ұстауға тиіс», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар жиын барысында Кеңес мүшелері бірқатар өңірлерде мектептер салу және жөндеу бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Мәселен, былтыр Нұр-Сұлтанда 31,4 мың орындық 15 мектеп салынды. Бұл 4 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге және тағы 7 мектептің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Алайда, мектептердегі орын тапшылығы бүгінде 20 мыңға жетіп отыр.
«Бүгінде елордадағы мектептерде 20 083 орын тапшылығы бар. Сонымен қатар үш ауысымда білім беретін 4 мектеп және тығыз жұмыс кестесімен 15 мектеп жұмыс істеп жатыр. Биыл 23 850 орындық 11 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 38 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов.
Түркістан облысындағы жағдай туралы өңір әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов айтып берді. Оның айтуынша, биыл өңірде 34 мектеп пайдалануға беріледі.
«Жайлы мектеп» Ұлттық қанатқақты жобасының аясында облыс аумағында 2023-2025 жылдар аралығында 86 мектеп салу ұсынылды. Бұл екі ауысымда 128 мың 600 оқушының білім алуына мүмкіндік береді», – деді ол.
Алматыда биыл жыл соңына дейін 13 820 орындық 18 білім беру нысанын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, 9 мектепте қалпына келтіру жұмыстарымен сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 4-уі жыл соңына дейін тапсырылмақ. Жетісу облысында 2025 жылға дейін 19 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 10-ы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес күрделі жөндеуді қажет ететін білім беру нысандарының тізімін әзірлеуді ұсынды. Себебі ғимараттарды жөндеумен қатар, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау қажет.