Бала қауіпсіздігі - басты назарда
Бала қауіпсіздігі - басты назарда
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты республикалық «Қауіпсіз қала» акциясын өткізіп жатыр. Аталған акцияға Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар да үлес қосуда. Акция бастау алған күннен бері жастар салалық ведомство өкілдерімен бірге аймақтардағы 4500-ден астам кәріз құдығына мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде 500-ге жуық құқық бұзушылық фактісі анықталды. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген жерде шомылу мәселесіне қатысты 50 жағдай тіркелді. Мониторинг кезінде жиналған мәліметтер тиісті орындарға тапсырылады. Бұл акция арқылы Жастар қанатының белсенділері жазғы демалыстағы жазатайым оқиғалардың алдын алуды көздеп отыр.
«Қауіпсіз қала – бұл ең біріншіден, балалардың қауіп-қатерсіз ортада өсуін қамтамасыз етуге бағытталған шара. Жалпы мұндай шара биыл бірінші рет өткізіліп жатқан жоқ. Бұл мәселеге партияның Жастар қанаты аса жауапкершілікпен қарап, басты назарда ұстайды», – дейді «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
«Қауіпсіз қала» акциясы 19 тамызға дейін жалғасады.