Жанары солғын жеткіншектер
Жанары солғын жеткіншектер
Коллаж: Әсел Балтақызы
513
оқылды
Жыл өткен сайын көзі нашар көретін балалардың саны артып барады. Дәрігерлердің айтуынша, мұның басты себебі – балалардың компьютер мен гаджеттерге тәуелділігі. Әсіресе, пандемиядан кейін смартфонға жіпсіз байланған цифрлы заман ұрпақтарының көру қабілеті к­үрт нашарлапты. Енді не істемек керек? Елдегі балалардың арасында көзі нашар көретіндердің қатары көбейіп барады. Дәрігерлер жүргізген медициналық тексерудің қорытындысы бойынша 60 490 оқушының көру қабілеті нашар екені анықталды. 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе көбейген. Жыл өткен сайын жүйке жүйесі мен омыртқасында ақауы бар балалардың да қатары аз емес. Сарапшылардың пікірінше, балалар денсаулығының нашарлауына гаджеттер мен компьютерді жиі қолдану және шамадан тыс ақпарат ағымы кері әсер етіп отыр. Сондықтан Үкімет Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктеріне оқу үрдісінде денсаулыққа зияны аз технологияларды іріктеп, енгізу туралы тапсырма берді.
– Бір қалыпта, қозғалмай ұзақ отыру жасөспірім балалар үшін аса қауіпті. Олар өсу кезеңінде жүгіріп ойнап, асыр салып жүруі керек. Бұрын баланы еңбекке баулып өсіретін. Ал қазір ата-аналар баласын тек әртүрлі үйірмелерге беріп, жүктемесін ауырлатып жіберген. Баланың ақыл-ойының дамуы мен физикалық дамуы қатар жүріп отыруы керек. Бірақ біз баланың миына ғана салмақ салып, қозғалысын тежеп тастадық, – дейді психолог Лимана Қойшиева.
  ПАНДЕМИЯНЫҢ «ПАЙДАСЫ» Бұрын әр сыныпта бірнеше бала ғана көзілдірік тақса, қазір сыныптың жартысына жуығы көзілдіріксіз жүре алмайды екен. Көз дәрігері Рашида Аужанованың айтуынша, онлайн оқуға көшкелі көз дәрігеріне баратын оқушылар мен мұғалімдердің саны 2 есе артқан. Баланың таңнан кешке дейін сағаттап телефонға үңілуі денсаулығына әсер етпей қоймаған. Жүйкесі жұқарып, омыртқасы қисайып, көз жанарындағы бұлшықеттері әлсіреген. Әсіресе, экранға телміріп отырғаннан көп жағдайда алыстан көруі нашарлап кетіпті.
– Көз жанарын ұзақ уақыт жаппай ұстап отырғанда компьютерден жарық, жылу және электромагниттік толқындар бөлінеді. Бұл толқындар көздің беткі қабатын кептіріп, қызартады. Жанардың жасаурауы мен қышуы осының әсерінен. Балалар үй жағдайында көзіне үнемі жаттығу жасап отыруы тиіс. Күніне алдымызға он бала келсе, соның біреуінің ғана көзі 100 пайыз болып шығады. Баланы әр тоқсан сайын дәрігерге қаратып отырған жөн, – деді Рашида Аужанова.
Дәрігер бірінші сынып оқушыларының көру қабілетін тексергенде жартысынан көбінде осындай жағдай кездесіпті. Бұрын, статистика бойынша, 35 пайыз баланың көзі нашар көрсе, бүгінде бұл көрсеткіш 50 пайызды құрап отыр. Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, балалар арасында белең алған дертті тежеу үшін Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе жұмыс істеуі керек.
– Пандемия кезінде қашықтан оқуға көшкеніміз белгілі. Сол уақыттан бастап оқушылар смартфонды көп қолданатын болды. Менің ойымша, балалардың көзінің нашар көруі осыдан басталды. Мектептегі жүктемеге байланысты емес. Себебі 2019-да да, 2020-да да бәрі бірдей жүктеме. Ал қазір оффлайн сабақ беруге көшсек те үйде баланың смартфон алдында не істеп отырғанын ата-ана бақыламайды. Ол сабақ оқып отыр ма, жоқ әлде басқа нәрсемен айналысып отыр ма? Бұл мәселенің алдын алу үшін мектеп дәрігерлермен бірігіп жұмыс істеуі керек, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
ЖАҚЫНЫН АЛЫСТАН КӨРЕДІ Көп жағдайда ата-аналар балада кездесетін көз ауруына ұялы телефон мен оқулықты себеп етіп, салдарын ұзақ уақытқа дейін түсінбей жүреді. Алайда мамандар көз ауруына мұнан өзге де бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Мысалы, тұқымқуалаушылық, түрлі жарақат және соматикалық аурулардың салдарынан болатын көз аурулары, қант диабетінен кейінгі асқынулар, диабеттік ретинопатия, диабеттік ангиопатия да баланың көру қабілетін нашарлатады.
– Көздің алыстан көрмеуі медицинада миопия деп аталады және бұл балалар арасында өте жиі кездеседі. Миопия балаға ата-анасынан тұқымқуалаушылық жолмен беріледі немесе баланың көзі соған бейім болып туылады. Уақыт өте келе көзге дұрыс күтім жасалмаса, миопия дамиды және баланың жасы өскен сайын артып отырады. Мұндай минус рефракция 40 жасқа дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ көздің алыстан көрмеуі баланың иммундық жүйесіне және соматикалық денсаулық жағдайына да тікелей байланысты болады, – дейді №3 қалалық аурухананың дәрігері Қанат Тәңірбергенов.
Маманның айтуынша, бала дүниеге келген сәттен бастап 5-7 жасқа дейін +1,0, +2,0 диоптрии қалыпты болады. Кейін ол рефракция қалыпты сау адамның көз рефракциясына айналады немесе миопияға ұласады. Өкінішке қарай, ата-аналар баласының көзі көрмейтінін немесе нашар көретінін кеш біліп жатады. Бала көзінің нашар көретінін айта алмайды, болмаса бір көзі нашар көрсе де, екінші көзі жақсы көрген соң мән бермей жүре береді. Мұның бәрі баланы балабақшаға немесе мектепке дайындау кезінде медициналық тексеру кезінде анықталады. Оны ата-анасы да сол кезде біліп жатады.
– Көздің алыстан немесе жақыннан көрмеуін көзілдіріксіз емдеу мүмкін деп айта алмаймын. Кейде көзәйнекті киіп жүрсе де, баланың жасы өскен сайын көз өлшемі мен рефракциясы ұлғаюы мүмкін. Мұндай жағдайда көзілдірікті үнемі тағу қажет. Түрлі дәрумендер ішіп, көзге арналған жаттығулар жасап көз ауруының алдын алуға болады, – дейді Қанат Тәңірбергенов.
Баланың көз ауруы неғұрлым ерте анықталса, емделуі де соғұрлым оңай болады. Бірақ ата-аналардың салғырттығынан әдетте балалар офтальмологқа кеш жүгініп жатады. Негізі, аналар жүкті кезден дәрумендер қабылдап, бала өмірге келгеннен кейін уақытылы окулист дәрігерге тексертіп тұруы қажет. Бала өсіп келе жатқан кезде де смартфонды пайдалану уақытын қадағалап, 40 минут сайын жаттығу жасауды әдетке айналдыру керек.   ЛАЗЕРЛІ КОРРЕКЦИЯ ШЕШІМ ЕМЕС Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша әлемде көзі нашар көретін 284 миллион адам бар болса, оның 19 миллионы балалар. Көздің нашарлауын емдеудің бір ғана жолы – лазерлі коррекция жасату. Себебі көзәйнек пен линза шын мәнінде протез бен балдақ секілді. Қазір не түрлі сәнді көзілдіріктер бар, бірақ оны әрдайым тағып жүру тиімсіз. Линзамен жүру ыңғайлы сияқты көрінгенмен, оны күтіп-баптаудың өзі жұмыс. Сондықтан қалтасында қаржысы бар ата-аналар балаларының көзіне лазерлі коррекция жасатуға асығады. Бірақ лазерлі коррекция тек 20 жастан асқан адамдарға ғана жасалады екен.
– Лазерлі коррекция балаларға жасалмайды. Олар тек 20 жастан асқанда ғана жасаймыз. Лазерлі коррекцияны көп қолданатын көз ауруларының бірі – алыстан нашар көрушілік. Ал оған себеп – көз қарашығының нормадан аздап ұлғаю. Сол үшін организмнің өсу процесі кезінде лазерлі коррекция жасалмайды, – дейді Қанат Тәңір бергенов.
Жалпы, көздің лазерлі коррекциясы – жаңа әдіс емес. Ол офтальмологияда 30 жылдан бері қолданылып келеді. Тәжірибе жүзінде әбден пісіп-жетілген. Бұл әдіс шыққалы әлемде 28 миллион адам көз жанарын «түзетіп» үлгерген. Олардың басым бөлігі лазерлі коррекциядан соң, ризашылықтарын білдіріпті. Тіпті, NASA-ның өзі ғарышкерлеріне осы әдіске жүгінуге рұқсат береді екен. Ендеше жыл өткен сайын көзі нашар көретін балалардың саны артса, болашақта лазерлі коррекцияға да сұраныстың артары анық. Бірақ лазерлі коррекция бәріне бірдей қолжетімді емес. Адамның көзінің жағдайына байланысты коррекция 400 мың теңгеден басталады. Иә, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Адам ақпараттың 90 пайызын көз арқылы қабылдайды. Ал сол көзді бала кезден бастап күтпесек, өз денсаулығымызға салғырт қарасақ, ертең зардабын шегетініміз анық. Сондықтан балаға үйде ата-ана, мектепте ұстаз қамқор болып қана қоймай, қоғамда смартфонды қалай пайдалану жайлы ақпараттық жұмыс жүргізілуі қажет-ақ.