Қызылорда алып құрылыс алаңына айналмақ
Қызылорда алып құрылыс алаңына айналмақ
Сұлу Сырдың жағасына қоныстанған Қызылорда қаласының келбеті к­үн санап көркейіп келеді. Сол жағалаудағы жаңа қалада сәт сайын салтанаты келіскен зәулім ғимараттар бой тү­зеп, шаһар ажарын айшықтай т­суде. Соңғы жылдары құрылысы қарқынды дамыған Сыр өңірінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 270 көпқабатты тұрғын үй салынған. Нәтижесінде 7000-ға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Осындай жарасымды істің жалғасы ретінде қызылордалықтар үшін салтанаты мен сәні келіскен тағы бірнеше нысанның құрылысы басталды. Ел игілігі үшін қолға алынған ізгі істер құрылысшылар күніне тұспа-тұс келді. Соның ішінде облыс орталығында іргетасы қаланған «Неке сарайы» ғимаратының жөні бөлек. Жас жұбайлардың киелі шаңырағы саналатын неке сарайының құрылысы жастар күні аясында қолға алынып отыр. Заманауи үлгідегі жаңа ғимаратты неке қию салтанатымен қоса, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шараларды өткізетін орынға айналдыру жоспарланған. Сол сияқты құрылысы бастау алған «Өнер сарайы» қала көркін аша түсетін ерекше сипаттағы ғимарат болмақ. Өнерлі өлкеде кірпіші қалана бастаған 1000 келушіге арналған өнер сарайының құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Ғимарат 1,5 жылда толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жаңа өнер ордасында симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар өңірде қан орталығы ғимаратының да құрылысы қарқын алды. Жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын нысанда жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді. Орталық өңір халқына тиісті көмек көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға негіз қалайтын бірден-бір орын болады деп күтілуде.
«Біз әрдайым жерлестеріміздің талап-тілектерін, ұсыныстарын ескеруге дайынбыз. Облыс әкімі қызметіне тағайындалғаннан бастап, халықпен кездескен әр сәтте аймақта заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандарды салуға уәде еттік. Туған жердің дамуына шынайы жанашырлықпен қарайтын меценат азаматтарды ортақ іске біріктіріп, құны 45 млрд теңгені құрайтын 391 нысанға жоба әзірледік. Келесі жылдан бастап бұл жобалар іске аса бастайды. Аз уақыттың ішінде өңірге 20 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы игілікті істердің нәтижесінде бүгін бірнеше нысанның іргетасы қаланып отыр», – дейді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұған қоса, өңірдегі «Бәйтерек» шағын ауданында көптің талабына сәйкес жаңа су жинағыш құрылғысының құрылысы бастау алды. Құны 1 млрд теңгеден астам бұл жоба «Бәйтерек» тұрғын ауданында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымда сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 7 дана ұңғыма бұрғыланып, 3 дана резервуар салынатын болады. Сонымен қатар биыл Қармақшы ауданындағы Төретам кентінде және Ақай ауылында, Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде ауылішілік газ құбырын тарту және Шиелі ауданына қарасты Тартоғай елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы да басталды. Алдағы уақытта сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп ғимараты бой көтерсе, балалар жылына тарту ретінде жаңадан «Оқушылар сарайы» салынады деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, аймақта Болат Өтемұратов қорымен бірге 11 млрд теңгені құрайтын заманауи жолаушылар терминалының құрылысын салу және қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр стансасының құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы