Ауланы тарылтуға қарсы
Ауланы тарылтуға қарсы
347
оқылды
Петропавл қаласындағы көпқабатты ү­йлерді бірінің ауласында жаңа баспана салынатын болғанына тұрғындар қарсылық білдірді. Олардың айтуынша, жаңа құрылыс салдарынан балалар алаңы мен автотұраққа орын қалмауы м­мкін. Сондай-ақ, жылу беру мәселесінде қиындық туындайды деген жорамал бар. Мәселені «AMANAT» партиясының облыстық филиалы өз бақылауына алды. Үйдің ауласындағы жердің жаңа иесі бүгінде ағаштарды кесіп, алаңды құрылысқа әзірлеп жатыр. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин түсіндіргеніндей, бұл жер телімі кондоминимумге енбеген, қаланың жері саналады.
«Осы аумақ жалға беру құқығын сатып алу аукционына шығарылған болатын. Биыл аукцион өтті. Жаңа иелері тұрғын үй құрылысына сәулет-жоспарлау тапсырмасын алды. Нобайлық жоба дайын» деп түсіндірді Асқар Ережепұлы.
Бұл жер телімі пайдаланылмай жатқандықтан, бұрынғы қожайынынан тартып алыныпты. Қазір «TAU PROJEKT» ЖШС-нің меншігінде. Тұрғындар болса, балаларға ойын алаңы мен автокөліктерін қоятын орын жетпейді деп байбалам салып жүр. Сондай-ақ жылу қуатының тапшылығына кезігеміз деген пікірді айтып жатқандары да бар. Себебі жылу желілері дәл осы аумақ арқылы өтеді. Сондай-ақ таяқ тастам жерде жүргізілетін құрылысқа салынғанына 50 жылдан асқан ескі үй шыдас бермеуі мүмкін екендігін де айтатындар көп.
«Жаңа нысанның қадасын қаға бастаған кезде, біздің үйдің төбесі құлауы ғажап емес. Қабырғалары да шыдамайды. Үйіміз ескі. Әрі жаңа үйді оған тақап алақандай жерге салуға бола ма? Не ойлайтындарын білмейміз. Балалардың ойнауына да ыңғайлы еді. Бұл үй қосылса, жылу мен су қысымы да азаяды» деп тұрғындар құрылысқа қарсылық білдірді.
Жылу-электр орталығының мүшкіл жағдайынан хабардар қалалықтар енді бір үйге бөлінетін жылуды жаңа үймен бөлісу керек деп наразы. Инженерлік коммуникациялар өтетін жер аумағының қалайша құрылыс мақсатына бөлінгеніне тұрғындар түсінбей дал. Олар мұндай жердің жеке меншікке берілуі мүмкін еместігін алға тартады. Алайда, Үкімет Қаулысымен бекітілген Петропавл қаласының Бас жоспарына сәйкес, бұл жерде көпқабатты үйдің құрылысы қарастырылған. Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңы бойынша елдi мекеннiң тұрғын аймағы үй жанында жайғастырылған аумақтары бар көппәтерлi тұрғын үй-жайлар және үй жанындағы учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналады. Қалалық әкімдіктегілер барлық құрылыс жұмыстары регламентке сәйкес жүргізіледі деп сендіріп отыр. Құрылыс фирмасының өкілдері де тұрғындардың наразылығымен келіспейді. Олар керісінше өз қаржысы есебінен бұл аумақты абаттандырып, жылу және электр желілерін басқа жерге ауыстырмақшы.
«Әкімдік бізге рұқсат берді. Біз бұл жерге бесқабатты үй саламыз. Оның алдында футбол алаңы болады, балалар алаңы басқа жерге көшіріледі. Біз өз аумағымызды қоршамаймыз, ол осы үйдікімен ортақ болады», – дейді құрылыс компаниясының өкілі Нұрболат Өркешов.
Бұл мәселені тараптар өзара шеше алмағандықтан оған «AMANAT» партиясының облыстық және қалалық филиалдарының араласуына туракелді. Партиялық бақылау комиссиясы аталмыш мекенжайға барып, тұрғындармен және құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Партиялықтардың араласуымен екі тарап өзара келісімге келді. «TAU PROJEKT» ЖШС өкілдері пәтер иелері кооперативі төрағасымен және тұрғындармен жүзбе-жүз жолығып, мән-жайды түсіндірді. Құрылыс иесі балаларға арналған жаңа ойын алаңын салып беретін болды әрі ол ашық болмақ. Яғни, маңайдағы үйлердің барлығына қолжетімді. Қалалық әкімдік осындай шешім шығарды.
Онда былай делінген: «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ аумақтарды абаттандыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ойын алаңы жылу құбырының сыртына ауыстырылсын. Оның барлық шығынын жер телімінің меншік иесі «TAU PROJEKT» ЖШС өз мойнына алады», – делінген.
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Бұған дейін тұрғындар Петропавл қалалық прокуратурасына да шағымданған болатын. Прокурорлар мердігердің үстінен хаттама толтырып, сотқа жолдапты. Сәулет-жоспарлау тапсырмасының да күшін жойған. Келесі аптада құрылыс бөліміне тексеріс жүргізілмек.