Мажарстандағы мереке
Мажарстандағы мереке
273
оқылды
Будапешт қаласында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағы мен Арминий Вамберидің «Путешествие по Средней Азии» атты кітабының таныстыру рәсімі өтті.
«Мажар ғылым академиясының ғимаратында Түркі академиясы соңғы үш жылда басып шығарған кітаптарды ұсынғаныма өте қуаныштымын. Пандемияға байланысты 2019 жылдан бері жүзбе-жүз жолыға алмағанымызға қарамастан, біз осы уақыт ішінде Түркі академиясында мажар ғалымдары Дьюла Немет пен Арминий Вамбериге арналған ғылыми басқосулар өткізіп, мажар әріптестерімізбен ынтымақтастық аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырдық», – деп атап өтті Академия Президенті Дархан Қыдырәлі.
Түркі академиясы Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігімен бірлесіп өткізген іс-шара көрнекті ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл және көрнекті мажар түркологі Арминий Вамберидің туғанына 190 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Қазақ, ағылшын және чех тілінде жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ахаң туралы замандастарының, кейінгі буын өкілдері және қазіргі зерттеушілердің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Ал «Түркістан» сериясы аясында жарық көрген «Путешествие по Средней Азии» еңбегінде әйгілі саяхатшы Арминий Вамбери Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениеті, этнографиясы мен географиясы туралы мол мәлімет қамтыған. Бұл кітап алғаш 1865 жылы Санкт-Петербургте орыс тілінде жарық көріп, кейін Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманның бастамасымен әзірленген «Түркістан жинағының» 12-томына енген. Түркі академиясы түркологтың аталмыш еңбегін түпнұсқасына сәйкес қайта жариялады.

Кербез ЕСІМХАН