Маһр сұрау дұрыс па?
Маһр сұрау дұрыс па?
1,879
оқылды
Елімізде соңғы кезде бір үрдіс белең алып барады. Ол – мешітте некесін қидырған жас қалыңдықтың қомақты маһр сұрауы. Араб тілінен аударғанда «неке сыйы» деген мағынаны білдіретін бұл ғұрып Ислам елдерінде кең тараған. Бір шарты – молданың алдында қалыңдық не сұраса, күйеу жігіттің соны орындауы міндет екен.   КІТАПТАН КӨЛІККЕ ДЕЙІН Интернет желісін шолсаңыз, енді-енді желкілдеп өсіп келе жатқан жас қыздар маһрды көп талқылайды. «Маһрға не сұрайсың?» деп әзіл-шыны аралас айтып қояды. Бірі – қымбат көлік десе, енді бірі білмеймін деп кәдімгідей ойланып қалды. Әлеуметтік желілерде тараған келесі бір бейнежазбада қалыңдық қымбат сөмке сұрады. Мұнысын болашақ жары күтпесе керек, абдырап барып «иә» деді. Анықтап көрсек, мұндай сөмкенің бағасы 40 миллион теңге тұрады екен. Енді келесі бір видеода бір бойжеткеннің «Toyota Land Cruiser 300» маркалы автокөлік сұрағаны жүр. Ал мұндай темір тұлпардың бағасы қанша тұратынын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Сондай-ақ қалыңдықтың тек қана кітап сұраған видеосы да бар. Молдалар бекітілген норма бойынша маһрдің көлемі екі мысқал алтыннан кем болмауы қажет екенін айтады.   МАҺР – СҮННЕТ Дін өкілдерінің сөзіне құлақ түрсек, бұл бұрыннан бар ғұрып екен. Тек қазақтар бұл сөздің орнына қалыңмал дегенді қолданған. Соны кейбір адамдар мағынасына терең үңілмегендіктен екі бөлек нәрсе деп қарастырып жүрген сыңайлы.
«Шариғатта ата-ананың баласы алдындағы міндеттері деген бар. Ол хидана деп аталады. Сол жерде ата-ананың баланы үйлендіруі, үй қылып бөлек шығаруы міндетті емес делінеді. Ал енді қазақтың дәстүрінде бұл керісінше. Баланы аяқтандырып, еншісін беріп, бөлек отау қылып шығарады немесе қара шаңыраққа алып қалады. Бұл біздің дәстүрде міндет сияқты болып кеткен. Бұрындары «он үште отау иесі» деп ерте үйлендіре берген ғой. Сол кезде жас бала қалыңмалды қайдан тауып бере алсын. Ондайда ата-аналары көмектескен. «Жеті жарғы» деген заңда қалыңмалдың категориялары өте көп. Қыздың жасауына салатын бір шолпысының өзі 500 жылқыға бағаланған байлардың сый-сияпаты өз алдына, мәселен, жағдайы жетпегендер үшін «күшік күйеу» деген қалыңмал түрі болған. Бұл қалыңмалдың ең арзан түрі, небары 17 жылқыға бағаланған. Оны төлеу үшін күйеу қайын жұртына барып осы бір үйір жылқының көлеміне тұратын қызмет жасаған екен. Осы секілді маһр да күйеудің міндеті. Ал егер ата-аналары көмектесіп жатса, әрине құба-құп. Бір сөзбен айтқанда, қалыңмал мен маһр бір нәрсе», – дейді Нұр-Мүбәрак Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD докторы Мұхан Исахан.
Ғалымның айтуынша, Ислам елдерінде маһр мәселесі әлеуметтік күрделі проблема екен. Мәселен, кедей елдердің бірі Мысырда қоғамдық санада әбден шегеленіп қалған осы қарызды төлеу үшін 35-40 жасқа келіп үйленетіндердің қатары көбейген. Өйткені әйелдердің құқы шектеулі болғандықтан, олар осындай бір мүмкіндікті пайдаланып қалу үшін көп ретте үй сұрайтын көрінеді. Ал оны сатып алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сонда да болса орындау – міндет. Осындай теріс жағына қарамастан, бұл ғұрып мұнда сақталып қалып отыр.
«Маһр дегеннің шариғатта шарты мынадай: ол – парыз, уәжіп емес, сүннет қана. Сүннеттер өз ішінде де дәрежелерге бөлінеді. «Жасасаң болады», «жасамасаң болмайды» деген санаттар бар. Осы реттен алғанда маһр орныққан сүннеттердің қатарында. Жалпы, оны сахабалар, алғашқы мұсылмандардың басым көпшілігі тәжірибеде қолданғандықтан, ол дінде қалыптасып қалды. Әрі ер адамның әйел адамға сыйлығы ретінде қарастырылады. Бірақ өмірде түрлі нәрсе болуы мүмкін ғой. Мәселен, күйеуі қайтыс болуы немесе ерлі-зайыптылар ажырасып кетуі мүмкін. Осы уақытта әйел адам келесі күйеуге тигенге дейін 4 ай 10 күн уақыт күтуі міндетті. Міне, маһрдың көлемі әйел адамды осы уақыт аралығында тарықтырмайтындай көлемде болуы тиіс деп шартталады. Неліктен мұндай уақыт таңдалып алынды? Өйткені ол бұрынғы жолдасынан бала көтеріп қойған болуы мүмкін. Міне, оның аяғы ауыр ма, ауыр емес пе анықтау үшін осындай уақыт керек болған. Одан бөлек, кейбір ғалымдар сол замандарда маһр 10 дирһам болып бағаланған дегенді айтады. Жаугершілік, ашаршылық замандарда «маһр сұралмасын» деген де пәтуа болған. Қалай болғанда да бұл бұрыннан келе жатқан, көлемі уақытына сай өзгеріп отыратын сүннет. Оны сұрау-сұрамау әркімнің өз еркінде», – дейді PhD докторы.
Осы реттен келгенде маһр қыз баланы қиындықта қалдырмау үшін туындаған талап деп түсінуге болады. Сондықтан да оның мүмкіндіктерін орнымен әрі тиімді пайдаланған жөн екен.   маһр ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНА ЖАТ Жалпы, үйленіп жатқан ер адамның әйеліне сыйлық алып беруді міндеттеген қаншалықты дұрыс? Онсыз да қарызға батып, зорға деп той жасап жатқан жандар көп. Егер, қыз бала қымбат нәрсе сұраса, ол жігіт үшін оның үстіне ауыр болып кетпей ме? Бұл қазақтың салтында жоқ нәрсе. Ендеше оны тықпалай берген қаншалықты дұрыс? Маһрға қарсы тараптың уәжі осы.
«Қазақ молдалары құдандалы екі жақ арасында «қалыңмал», «киіт», «шапан» сияқты кәдесый жүргендіктен, шариғатта бұрыннан бар болса да «маһр» сұратпаған. Тіпті жаугершілік заманда «кәдесыйсыз» батамен қосылған жағдайлар болған, бірақ ол кезде де «маһр» сұралмаған. Сондықтан да екі жасқа бір-бірінен сыйлықты молданың дауыстап сұратуы бәрінен бұрын «қазақ этикетіне» жат», – дейді этнограф Тәттігүл Қартаева.
Мамандардың айтуынша, қалыңмал мен маһрды шатастырмау керек. Өйткені екеуі мүлдем екі бөлек нәрсе. Қалыңмал дегеніміз – біреулер айтып жүргендей «қызды сату» емес, келін түсірген жақтың құда-құдағиына деген сыйы, құрметі. Әйтсе де, кейбір дінге жақын адамдар «мәһр сұрау деген болған» деп ертеректегі бір құжаттарды көрсетіп жүр екен. Бұл бұған дейін де бізге араб салтын сіңіргісі келгендердің болғанын білдірсе керек.
«Жасыратын несі бар, бізде діншілдер дін таратумен бірге арабтардың киім кию салтына дейін тықпалап әлек болады. Сонымен бірге қазақтың көптеген салттарын да дінге қайшы деп мойындағысы келмейді. Сөйте тұра, арабтың кейбір салттарын қазақ арасына сіңіруге жанталасып жатыр, соның бірі – маһр. Ол туралы біз бұрын мүлде естімейтін едік, соңғы кезде жиі байқалып қалып жүр. Қазақта ондай жоқ. Ұлтымыздың әдеп-ғұрпында әйелі болғаны үшін күйеуінен сыйақы сұрау – өте ұят тірлік. Өйткені қазақтың ер азаматы әйелдің қажет ететін нәрсесінің бәрін әпереді және оған міндетті де. Сондықтан жаттың салтын орындау қазаққа абырой әпермейтін нәрсе деп есептеймін», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ахмет Өмірзақ.
Расында да, қазақтың дүниетанымы ғасырлар бойы толықтай қалыптасып қойған. Сондықтан да оны бұзып керек емес. Бірақ, кейінгі кезде дін мен дәстүр арасында түсініксіз текетірес жүріп жатқаны байқалады. Бұл өте өкінішті жайт!..