Атырау облысында АИ-92 жанармайының орташа бағасы - 169 теңге

Атырау облысында АИ-92 жанармайының орташа бағасы - 169 теңге

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Атырау облысының тұрғындарымен кездесуде АИ-80, АИ-92, АИ-93 жанармайы мен дизель отынын бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды мемлекеттік реттеу сақталғанын мәлім етті. Қазір Атырау облысында АИ-92 бензинінің орташа бағасы 169 теңгені құрайды. Ал, дизель отынының 1 литрі – 230 теңге.

Министрдің пікірінше, АИ-95 жанармайына баға белгілеу бәсекелі ортаға берілген. Енді жанармайдың бұл түріне бағаны нарық айқындайды.

«Өйткені, АИ-95 және одан жоғары маркалы бензинді өндіру кезінде қымбат тұратын импорттық қоспалар мен жоғары октанды компоненттер жұмсалады. Мұндай жанармайлардың бағасы мұнай баррелінің құны мен валюта бағамына байланысты болады», -деді министр Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бірнеше іс-шара қабылданып жатыр. Алдымен, мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз ету қолға алынған. Екіншіден, автокөлікпен мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салуды 2022 жылдың соңына дейін ұзарту туралы бұйрық қабылданған. Үшіншіден, сараланған бағаларды әзірлеу арқылы дизель отынының тапшылығына жол бермеу көзделген.

Бұған қоса, министрлік резиденттікке және көлік түріне байланысты дизель отынына бағаларды саралауды көздейтін бұйрық жобасын әзірлеп, ресми интернет-ресурста және «Ашық НҚА» порталына жариялады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Энергетика министрі Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдау жоспары жоқ екенін мәлім еткен болатын.

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.