Атырауда тоңазытқышта өлген сәби оқиғасы бойынша үшінші дәрігер ұсталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Атырау тергеу соты перинаталдық орталық дәрігерлерінің біреуін екі айға қамауға алуды санкциялады. Сот мұндай санкцияны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері тергеу жүргізіп жатқан перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс аясында шығарды. Тергеу нұсқасы бойынша тоңазытқышқа тірі шақалақты салған», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі. Ұсталған гинеколог-дәрігер қылмыстық істің үшінші фигуранты болды. Бұған дейін перинатальдық орталықтың бас дәрігері мен гинеколог қамауға алынған еді. Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйек айының соңында Атырау облысында перинатальдық орталық басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын.