Премьер-Министр Әлихан Смайылов құзырлы органдарға мектеп формасы мен канцеляриялық тауарлар бағасын ұстап тұру бойынша бірқатар шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Үкімет басшысы өзінің Facebook парақшасында жазды.
"Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларының мектеп формасы мен аяқкиімдерін, оқу құралдарын түгендеу қамына кірісті. Алайда олардың бағасы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Әлбетте, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді. Бірақ Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар", - деп жазды Смайылов Facebook-те.Сондай-ақ, Премьер-министр оларға бірқатар шұғыл шаралар қабылдау тапсырылғанын атап өтті.
"Біріншіден, мектеп формасына бағаны ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі "Атамекен" ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, ірі тігін цехтары мен ательелердің өкілдерімен келіссөздер жүргізеді; Екіншіден, Сауда министрлігі "Атамекен" ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, ірі сауда орталықтарымен және базарлармен канцеляриялық тауарларға, сөмкелер мен аяқкиімдерге және басқа да керек-жарақтарға бағаларды ұстап тұру мәселелерін пысықтайды; Үшіншіден, әкімдіктер "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады; Төртіншіден, әкімдіктер аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарды атаулы көмек көрсету үшін бекітіп беретін болады; Бесіншіден, бүгінгі таңда мұқтаж отбасыларды қолдау үшін құрылған "Жаппай оқыту" қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөліп отырған жоқ. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Құрметті достар, білімді ұрпақ - біздің басты құндылығымыз, сондықтан оқудың барлық кезеңінде оларға қолайлы жағдай жасау, қамқорлыққа алып, көңіл бөлу - біздің негізгі міндетіміз. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мен белгілеп берген бағыттар бойынша жұмыс істеуі керек. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады", - деді ол.