Өзбекстанда өткен халықаралық бірлік чемпионатында топ жарған ауыр атлетика чемпионы, еліміздің мақтанышы Илья Ильин Шымкент қаласына ат басын бұрды.
Мұнда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесті.
Басқосуда спорт шебері өзінің спорттық жетістіктерге жету жолындағы қажырлы іс-әрекеті, мақсаткерлігі, жігерлі ұмтылысы туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ өмірде кездесетін түрлі кедергілерді жеңе білу, ұстамдылық пен парасаттылық туралы өзінің көкейге түйген ойларымен бөлісті. Алдағы уақытта өзімді спорт менеджері ретінде сынап көрсем деймін. Адам бұл өмірде бәріне дайын болу керек. Үйренуден жалықпаңыздар» деген ол студенттердің сауалдарына да жауап берді. Жастарды әсіресе Илья Ильиннің спорттағы бағындырған белестері қызықтырды.
Еріктілер жылына орай ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты жастарды спортқа, тазалыққа, еңбекқорлыққа баулу болып отыр. Сондай-ақ өмірде жетістігі мол тұлғалардың өмір жолын үлгі етіп, жастардың өмірде дұрыс жол таңдауына көмектесу.
Шара соңында ОҚМУ-дың бірінші проректоры Қайрат Нұрманбетов Илья Ильинге жоғары оқу орнының «Құрметті профессоры» куәлігін табыс етті.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы