Ішкі істер министрі ШҚО-да баланы іздеуге қатысқандарға алғыс айтты
Ішкі істер министрі ШҚО-да баланы іздеуге қатысқандарға алғыс айтты
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кәмелетке толмаған Темірлан Ахмеджановты іздеуге қатысқан азаматтарға алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 14 тамызда түнгі сағат 02:30 шамасында үйден шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған Темірлан Ахмеджанов бүгін көпір маңындағы шұңқырдан табылған болатын. Оны тапқан ШҚО Полиция департаменті арнайы жасағының қызметкері Тілек Ерлібековтің айтуынша, бала шұңқырдан өз еркімен шығуға құлшыныс білдірмеген. Жеткіншек аутизмге шалдыққаны бұған дейін хабарланды.
«Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кәмелетке толмаған Темірлан Ахмеджановты іздеуге қатысқандардың еңбегін жоғары бағалап, алғысын білдірді. Әр минут санаулы болатын. Бала табылған шұңқырдың тереңдігі үш метрді құрады. Түнгі уақытта температураның төмендігін ескеретін болсақ, оқиға қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Қазіргі уақытта іздеу операциясы аяқталды. Іздеуге 400-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды. ШҚО Полиция департаменті арнайы жасағының қызметкері Тілек Ерлібековтың қырағылығының арқасында бала аман-сау табылды. Баланы тапқаны үшін министр Марат Ахметжанов полицейді «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалімен марапаттады», - деді полициядан.