Алматыдағы әйел мен екі баланың өлімі: көршілері келіншектің соңғы сөздерін айтып берді
Алматыдағы әйел мен екі баланың өлімі: көршілері келіншектің соңғы сөздерін айтып берді
Halyq Uni / Esdaulet Qyzyrbekuly
«Өтінем, керек емес! Көмектесіңіздерші». Алматыда екі баласымен бірге мәйіті табылған келіншектің көршілері марқұмның сол күні осылай деп айқайлаған жан дауысы естілгенін айтады, - деп хабарлады «Информбюро» жаңалықтар қызметі. Келіншектің бұлай деп айқайлағаны рас болса, пәтерде бөгде адамның болуы мүмкін бе? Куәгерлердің бұл уәжін полиция ескерді ме? Бір күн бұрын небәрі 2 жасқа толған кішкентай қыз бен жеті жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты прокуратура «зорлықпен өлім белгілері бар, адам өлтіру бабымен іс қозғалды» дегеннен артық ақпарат бермеді. Ал алғашқы шыққан ақпараттарда әйелдің өзіне қол салғаны айтылады. Бұлай болған жағдайда іс 105-баппен қозғалуы керек еді. Немесе адам өлтіру бабы екі сәбидің өліміне қатысты қозғалуы да мүмкін. 6 тамыз, сенбі күні таңғы сағат 8 кезінде орыс тілінде «Өтінем, керек емес! Көмектесіңіздерші» деп айқайлаған әйелдің дауысын көршілердің көбі естігенін айтады. Мүмкін бұл сөзді бала айтқан шығар деген сауалға келіншектің дауысын анық естідік, пәтерде басқа адам болған секілді деген. Тұрғындардың кейбірі келіншек пен балалардың мәйітін іссапардан келген күйеуі тапқан, ішінен бекітілген есікті бұзып ашқызған дейді.
Күйеуі келгенде есік жабық болған. Есікті ашқызу үшін арнайы адамдар шақырған. Бұл отбасында 2 бала бар болатын. Бар білетініміз осы, - дейді көршісі Айнұр Сарбасова.
Полиция мен прокуратура Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес соталды тергеудің өзге деректері жария етілмейді деп қысқа жауап қайырған.
Үш тұрғынның, соның ішінде денесінде зорлық белгілері бар 2 баланың денесі табылды. Полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Бейнематериалдар зерттеліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр, - дейді Алматы қалалық прокуратурасының ресми өкілі Бауыржан Төлендинов.
Ата-анасының рұқсатымен сұхбат берген жастар егер әйелдің өзіне қол салғаны расталмаса, қауіпсіздігіміз үшін алаңдаймыз, сол күнгі әрбір айқай, әрбір айғақ полиция назарынан тыс қалмаса екен дейді.