Ата-анаға сеп болатын акция
Ата-анаға сеп болатын акция
221
оқылды
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында «Баланы мектепке даярлайық!» партиялық акциясы аясында атқарылатын іс-шаралар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балаларды мектеп формасымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, аталмыш мәселеге қатысты биылғы ең үлкен жаңалық – енді көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мектеп формасы мен оқуға керекті құрал-жабдықтар алуға қаражат ата-аналардың есепшотына аударылады. Биыл бұл сома әр балаға 37 мың 389 теңгені құрап отыр. Жиында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев Балалар жылын жүзеге асыру аясында аталған министрлік «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық акциясын жаңартатынын атап өтті.
«Акция биыл 1 тамыздан басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгінгі таңда 474 мың 98 мұқтаж балаға көмек көрсету жоспарланды. Акция шеңберінде көмек көрсетуге ниет білдірушілерді, мәселен, еріктілерді, бизнесмендерді, меценаттарды, ҮЕҰ-ды және басқаларды тарту бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі», – деді ол.
Осылайша, министрлік қайырымдылық акциясы аясында FORBES Kazakhstan тізіміне кіретін табысты кәсіпкерлерге өтініштер жіберген. Бүгінде «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, 100 мың оқушыға мектеп керек-жарақтарын сатып алу бойынша әлеуметтік көмек көрсету тетігі әзірленді. Айта кету керек, бүгінгі таңда балаларға көмек көрсетуде ірі ұйымдар белсенділік танытуда. Мысалы, DAULETTEN қайырымдылық қоры жаңа оқу жылына дайындық үшін республиканың 1000 оқушысын мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ 6 мыңнан астам бірінші сынып оқушысын оқу жабдықтарымен қамтамасыз етуге өтініш білдірді. Павлодар облысында Incom company ЖШС 50 оқушыға жалпы сомасы 1 млн 150 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Қарағанды облысында «Сары Қазына» ЖШС және «Қоунрад» корпоративтік қоры 1 млн теңге қаражатқа 100 бірінші сынып оқушысына спорттық костюмдер алып берді. Жамбыл облысында түлектер мектеп оқушыларына оқуға қажетті керек-жарақтар сатып алу үшін 3 млн теңге қаражат жинаған. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұдан соң QazTextileIndustry жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігінің Басқарма төрайымы Гүлмира Уахитова отандық өндірушілер тауарларының бағасына тоқталды.
«Мысалы, трикотаждан тігілген жеңсіз кеудешенің бағасы 2800-3500 теңге аралығында. Жейде шамамен 2500 теңгедей. Ал пиджак пен шалбардан немесе пиджак пен белдемшеден тұратын жинақ 8 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін барады», – дейді ол.
Қазір елімізде мектеп формасы мен аяқ киім өндіретін 38 отандық өндірушіге индустриалды сертификат берілген. Алдағы уақытта тапсырыс берушілер мен өндірушілер арасында өзара тиімді серіктестік орнату үшін потенциалды сұраныс, нарықтың жай-күйі, т.б. жайлы ақпарат қажет. Осы мәселені шешу үшін мектеп формасын жалпыға ортақ қолдану картасын жасау ұсынылып отыр. Бұл картаны жасағанда облыстағы мектепке дейінгі, бастауыш сынып және жоғары сынып жасындағы балалардың саны, көпбалалы отбасылар саны деген секілді көрсеткіштер ескеріледі. Соларға қарап, өндірушілерге түсетін жүктеме анықталады.
«Бұл біріншіден, кәсіпорындарға өздерінің шаруашылық қызметі мен дамуға салған инвестициясын жоспарлауға көмектеседі. Екіншіден, тапсырыс беру қарқынын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, мектеп формасын алу кез келген уақытта қол жетімді болады, яғни мектепке дайындық алдындағыдай қарбалас болмайды. Төртіншіден, унификация, бұқаралық өндіріс және көлік шығындарының азаюы себебінен форманың бағасы төмендейді», – дейді Гүлмира Уахитова.
Мұнымен қоса, отырыста сырттан әкелінетін мектеп формасының материалы да сөз болды. Мәселен, импортталған кейбір тауарлар құрамының 35 пайызы – мақта, 65 пайызы – полиэстер немесе 30 пайызы – жүн, 70 пайызы – акрил. Яғни, олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді. Материалдағы мұндай сәйкессіздіктер суық тию немесе тері ауруларына соқтыруы мүмкін. Сондықтан балаларға арналған киім-кешек таңдағанда ауа өткізгіш, ылғал сіңіргіш, жылу ұстағыш секілді гигиеналық қасиеттерге ие текстиль материалдарға басымдық беру керек. Ал мектеп формасын тіктіру байқауларында Техникалық регламент пен санитарлық талаптарға сай келетін материалдар қолданылғанын дәлелдейтін құжаттарға жіті көңіл бөлінуі қажет.

Азат ҚАЗАҚ