Маңызды мәселелер қозғалды

мәселе

«AMANAT» партиясының Қ­останай облыстық филиалында облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Қ­ырмызы Жаңбыршинаның төрағалығымен фракцияның отырысы өтті. Облыстық мәслихат депутаттары және басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында мектептерді жөндеу, азық-түлік бағасын қадағалау, студенттерге арналған жатақханалардың тапшылығы мәселесі сөз болды.

Қостанай облысындағы мектептерді күрделі жөндеуден өткізу және салу барысы туралы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айман Ибраева баяндады. Жалпы, биыл Қостанай өңірінде 20 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда мұндай жұмыс 14 нысанда жүргізіліп жатыр. Мұндағы 12 нысандағы жұмыстар тамыз айының соңында аяқталмақ.

Фракция отырысында колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды.

Қостанай облысы Қоғамдық даму басқармасының жастар ісі және азаматтық қоғам бөлімінің басшысы Әлішер Валиев өңірдегі жоғары оқу орындарының жағдайымен таныстырды.

Отырыс барысында облыстық мәслихат депутаты Мәди Ихтиляпов Наурызым ауданындағы Раздольный және Өлеңді мектептерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді. Бұл мәселе бойынша басқарма басшысының орынбасарына арнайы комиссия құрып, мектептердегі жағдайды зерделеу, шешімін депутаттарға баяндау ұсынылды.

Өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл бағытта қабылданған шаралар мен нәтижелер туралы Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Төлеутай Ержанов мәлімдеді. Оның деректері бойынша, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баға белгілеу тетігін іске асыруға 6 миллиард 653 миллион теңге бөлінді. Тұрақтандыру қорында 10,3 мың тонна көлемінде 2,2 млрд теңге сомаға бағаланған әлеуметтік маңызға ие 15 түрлі тауар бар.

Бағаны тұрақтандыру ісіне «AMANAT» партиясының мониторинг топтары да үлкен үлес қосып келеді. Олар қалалар мен ауылдардың сауда нүктелеріне барып, әлеуметтік тауарлардың бағасына мониторинг жүргізеді.

Жиын соңында фракцияның жетекшісі Қырмызы Жаңбыршина облыстық мәслихат депутаттарына партияның жаңартылған үлгідегі билеттерін табыстап, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген партияның белсенді мүшелеріне өз алғысын білдірді.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.