Құқықтық тетік күшінде
Құқықтық тетік күшінде
Бүгінде өз мақсатына сай пайдаланылмай жатқан заңсыз жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Ең қызығы, жерді заңсыз иемдену кезінде тараптар небір қитұрқы әрекетке барған. Оларды анықтауда «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» комиссиясының ықпалы зор. Осы орайда, жер иеленудегі заңсыздықтарды анықтау, жерді қайта мемлекет меншігіне қайтарудың құқықтық тетігі турасында аталған комиссия төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбекпен сұхбаттасқан едік. «Жер аманаты» комиссиясы жерді заңсыз пайдалану фактілерін қалай анықтады? – Жергілікті атқару органдары, яғни әкімдіктер игерілмеген, дұрыс пайдаланылмаған жерлерді өздері анықтайды да, тиісті тізімді уәкілетті органға, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару департаментіне жолдайды. Ол ведомство сол тізім бойынша барлық пайдаланылмаған, игерілмеген жерлерді белгілейді. – Комиссия жұмысының барысында жерді мақсатсыз пайдаланудың қандай фактілеріне куә болдыңыздар? – Ондай фактілер өте көп. Шаруа қожалығына берілген жерлерге тұрғын үй құрылысын жүргізеді немесе жеке қосалқы үй шаруашылығына берілген жерлерде кәсіби коммерциялық қызмет түрлерін жүзеге асырады. Мысалы, «Үлкен Кублей» деген іс бар. Орал қаласы әкімдігінің заңсыз шығарылған қаулылары нәтижесінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, құрылыс компаниясы заңсыз көпқабатты тұрғын үйді салған. Яғни жердің нысаналы мақсатын құрылыс компаниясының пайдасына ауыстырған. Сөйтіп екі ортада көпқабатты тұрғын үй өндіріс ошағының дәл қасында орналасатын болды. Тұрғын үй объектісі бой көтергеннен кейін әлгі өнеркәсіп – «Кублей» зауыты сотқа шағым түсіреді. Сот барлық рұқсат құжаттарын заңсыз деп тапты. Бірақ сот шешімі заңды күшіне енуіне қарамастан, құрылыс компаниясы сол жерге тұрғын үй құрылысын жүргізді. Осы істі қазір «Жер аманаты» комиссиясының қарауына қайтадан шығарып отырмыз. – Фактіні анықтағаннан кейін, жерді қайтару процесі қалай жүзеге асады? Қандай кедергілерге кездестіңіздер? – Факт анықталғаннан кейін Жер кодексінің 94-бабы 2-тармақшасына сәйкес, тиісті ұйғарым шығарылады. Одан соң, жерді мақсатына сай пайдалануға 1 жыл мерзім беріледі. Егер бір жылдың ішінде жерді нысаналы мақсатына сай пайдаланбаса, әкімшілік хаттама рәсімделіп, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы тиісті материалдар әзірленеді және осы заңбұзушылықты жоққа шығаруға байланысты үш ай уақыт беріледі. Егер Жер кодексінің 99-бабына сәйкес, жердің меншік иесі және жер пайдаланушы тиісті шараларды жоққа шығармаса, мұндай жағдайда Жер кодексінің 94-бабына сәйкес, Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап-арыз береді. – Заңсыз пайдаланылған жер иелері кезінде ол аумақты қалай алып алған? – Кезінде 2003 жылғы 20 маусымда Жер кодексі қабылданғаннан кейін кодекс талаптарына сай, ең үлкен ауылшаруашылық субъектілері – шартты жер үлесі иелері, яғни бұрынғы колхоз-совхозда жұмыс істеген азаматтар ұжымдастырылуы қажет еді. Олар 2005 жылғы 1 қаңтарға дейін өздерінің үлестерін ЖШС-лардың, АҚ-лардың жарғылық капиталына салуы керек болды Одан соң олар ай сайын, жыл сайын өздерінің дивиденттерін алып отырды, себебі олардың шартты жер үлестерін ЖШС пайдаланып отырды. Бірақ көптеген серіктестіктер халықтың жерін өз иелігіне алу үшін заңсыз шартты жер үлестерін өзінің иелігіне алып алған. Қалай алып алған дейсіз ғой?! Серіктестікке байланысты кез келген шешім шартты жер үлестері иелерінің жалпы жиналысында қаралады. Олар шартты жер үлестерінен құрылған жер пайдалану құқығын банкке кепілдікке қойып, банктен қыруар қаражат алады. Солардың кейбіреулері ақшаны алып, тайып тұрған. Банкке ақшасын да қайтармаған, кепілге қойған жер пайдалану құқығы банкте тұрып қалған. Ал кейбіреулері тиісті жер пайдалану құқығын өзінің иелігіне аударып алған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында «Балуан СК» деген ЖШС-ның шартты жер үлесі 7 мың гектарға жуық жер, заңсыз «Қазипрохем-Агро» ЖШС иелігіне өтіп кеткен. Сөйтіп 236-ға жуық пай үлескері жерсіз қалған.Тура осындай жағдай Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы «Бостан» деген өндірістік кооперативтің пай үлескерлерінде де болған. 2004 жылы бірнеше шаруақожалығы «Бостан» өндірістік кооперативін құрған. Бірақ 2007 жылы кейбір кәсіпкерлер «Бостан» шаруақожалығына ұсыныс беріп, «бізбен бірге жұмыс істеңдер, біз ет зауытын, сүт зауытын соғамыз» деп алдап , әлгі өндірістік кооперативтің пай үлескерлерін өздерінің жағына аударуға тырысқан. Сөйтіп шартты жер үлестерін өздері иемденіп кеткен, «Бостанға» тиесілі 4 400 гектар жер «Алатау Дейри» атты шаруашылық серіктестіктің иелігіне өтіп кеткен. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «Достық Жер МК» деген ЖШС бар. Онда 446 пай үлескері бар. 2018 жылы 2 кәсіпкер әлгі үлескерлерді ЖШС қатысушыларының қатарынан шығару туралы өздері-ақ шешім қабылдай салған. Бұл туралы сотқа шағым беріп, жағдайды реттедік. – Ал банктің меншігіне өтіп кеткен жерлерді қалай қайтаруға болады? – 2005 жылдан, яғни барлық пай үлескерлерін ұжымдастырған кезде ЖШС, АҚ құрамына пайларын салым ретінде салған сәттен бастап, мына ЖШС-лар өзінің иелігіне мыңдаған пай үлескердің үлестерін алып алған. Пайлардың бәрін біріктіріп, басында әлгі пай үлескерлерінің дивиденттерін төлейді, кейінірек табыс түсе бастаған соң бармақ басты, көз қыстылыққа кіріседі. Жерлерді банкке кепілге қою үшін, біріншіден, ЖШС туралы заңның талабына сәйкес, үлескерлердің жалпы жиналысында қаралуы керек. Үлескерлердің бәрін бір жиналысқа жинау қиын. Ол үшін арнайы хабарландыру жүргізу керек, олардың кемінде үштен екісі қатысуы қажет, кворумы болады, ол болмаса жалпы жиналыстың шешімдері заңсыз болып есептеледі, осының бәрін тиянақты орындау үшін заң талабын орындау керек. Бірақ, өкінішке қарай, ЖШС-лардың басшылығы банктермен өзара ымыраласып, пай үлескерлерінің жерлерін кепілге қояды. Ал банкке ұсынған құжаттар қатарына үлескерлердің қолы қойылмаған, қойылса да бәрінікі қойылмаған жалпы жиналыс шешімін ұсынады. Үлескерлер жылдар өткеннен кейін өзінің үлестік жерлері банкке кетіп қалғанын біледі. ЖШС-лар әдетте жерлерін банкке кепілге қойғаннан кейін оның несиесін төлей алмай, екі ортада жер банкке өтіп кетеді. Сөйтіп банк саудаға салады. Оны басқа ЖШС-лар немесе шаура қожалықтары жеңіп алады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы «Бостандық» ЖШС-да 400-ге жуық үлескер бар. Олар 2007-2008 жылдары «Бостандық» ЖШС-ын қасақана қарызға батырады, одан соң жерлерін банкке кепіл ретінде қояды, арықарай банк иелігіне өтіп кетеді, сөйтіп үлескерлер жерсіз қалады. Мұндай жағдай Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Ноғайбай-KAZEXIM» өндірістік кооперативінде де кездесіп отыр. Аталмыш кооперативтің жерлерін кезінде БТА банкке кепіл ретінде салып жіберген. Салымшылар ол жөнінде білмейді. Екі ортада жерсіз қалады. – Партияның бастамасымен құрылған жер комиссиясының жұмысына қандай баға бересіз? – Жоғары бағалаймын. Жалпы осы «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы нәтижесінде 5 млн гектарға жуық пайдаланбай жатқан немесе заңсыз пайдаланылып келген ауылшаруашылық жерлерін мемлекетке қайтарамыз деген мақсат бар. Қазір «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне тиісті өзгерістер енгізіп жатырмыз. 2021 жылғы 30 маусымда «Жер кодексі» және өзге де заң актілеріне бірталай өзгеріс енгіздік. Сөйтіп бақылау функцияларының барлығын Жер ресурстарын басқару комитетіне бердік. Барлық құзырет комитеттің қолында. Соның жұмысымен біз жерлерді қайтарамыз деген ойдамыз. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Бота МАРАТҚЫЗЫ