Өрісі кеңейген өңірлер

Өрісі кеңейген өңірлер

Бүгінге дейін пайдаланылмаған 290 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға мұрындық болған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына ­Қарағанды облысының шаруалары да дән риза. Бұл облыста комиссия мшелерінің араласуымен 82 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Комиссия мүшелерінің Нұра ауданы Жараспай, Қарой ауылдарының кездесуінде атакәсіппен жан бағып отырған ауыл тұрғындары мал өрісінің жыл санап тарылып бара жатқанын айтқан. Өз кезегінде «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев жетекшілік ететін комиссия мүшелері аудан әкіміне тұрғындардың малын жаю үшін ірілі-ұсақты шаруа қожалық жетекшілері, ауыл әкімдіктері мен жергілікті қоғамдастық арасында меморандумдар жасау мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Нәтижесінде, айналдырған бір аптаның ішінде талаптар келіссөз үстеліне жайғасыпты.

– Елді мекендердің ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану жүктемесін азайту мақсатында, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, ауылшаруашылық тауар өндірушілері, ауыл әкімдіктері мен жергілікті қоғамдастық арасында 11 меморандумға қол қойылды. Онда ауылшаруашылық тауар өндірушілері халықтың мал жаюы үшін 81 мың гектар жайылымды ұсынған. Бұл келіссөз аудандағы жайылым жерлердің тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Сонда да болса партияның пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны халықтың игіліне айналдыру бағытында жұмыстар жалғасын табады, – дейді «AMANAT» партиясы Нұра аудандық филиалының атқарушы хатшысы Данияр Алшынбаев.
Бір сөзбен айтқанда, «Жер аманаты» комиссияның ықпалымен Нұра ауданындағы жайылымның аумағы едәуір кеңейе түспек. Атап айтқанда, өңірдегі мал шаруашылығымен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтарға бөлінген жайылым алаңы 380 мың гектардан 593 мың гектарға дейін кеңейеді. Осылайша, Нұра ауданындағы жеке қосалқы шаруашылықтарын жайылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 59 пайыздан 92 пайызға дейін артпақ. «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, ауылшаруа шылық тауар өндірушілері, ауыл әкімдіктері мен жергілікті қоғамдастық арасында меморандумға сай аумағынан 4 мың гектарға жуық жайылым жер ұсынылған Қарой ауылының тұрғындары да комиссия жұмысының нәтижелі боларына сенеді.
– Ауыл тұрғындары қазір осы мал шаруашылығымен күнелтіп отыр. Сондықтан оларға жайылым жердің кеңейгені керек. Бұл мәселені бұған дейін көтеріп жүрміз. Енді оған «AMANAT» партиясының «Жер комиссиясы» араласып, ірі жер иеленушілермен кездесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізе бастады. Қазірдің өзінде Қарой ауылында жайылымдық жердің көлемі пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтару есебінен 10 гек тарға кеңейді. Қазір кезінде түрлі себептермен егіс алқабына айналған жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Қарой ауылының тұрғыны Зарлық Мақсұтұлы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде комиссия жұмысына белсенді араласып жүрген ақсақал партияның бұл бастамасының өзектілігін алға тартады. Шындап келгенде, жоғарыдағы мысалдар «Жер аманаты» комиссиясының әлеуметтік әділдікті қалпына келтіріп, атакәсіпті нәсібіне айналдырғысы келетін ауыл тұрғындарының талап-тілегін орындаудағы мақсатын өз деңгейін атқарып жатқанын көрсетеді.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ,

Қарағанды облысы