Өртті сөндіргеннен алдын алу оңай

өрт
Коллаж: Елдар Қаба

Өткеннің қателігін танып, оны жоюға талпыну, осы бағытта шара қабылдауда ілгерілеушілік керек. Бұған дейін Үкімет шетелдік рейтингтерге тым әуес болып, Doing Business-те Қазақстанды жаһандық көшбасшылар қатарына қосуға асығып, көптеген саладағы талап-шектеулерді жойды. Бұдан өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі едәуір нашарлады. Өткен жылдардағы реформалар өрттен қорғану ахуалын күрт нашарлатты. Енді Жаңа Қазақстан бұл салада да жаңа реформаны қолға алуда. Ол нені қарастырады, істі қалай түземек?

 

ӘКІМГЕ БЕРІП, ТАЛАПТЫ ӘЛСІРЕТТІ

Бұған дейінгі асығыс реформалар салдарынан саланың бақылаусыз кеткенінің бір көрінісі сол, қазіргі кезде Төтенше жағдайлар министрлігінің еліміздегі барлық жобаланатын нысанның арнайы техникалық шарттарын (АТШ) қарау құзыреті жоқ. Бұл құжатта нысанның өртке қарсы қорғалуының ерекшеліктері нақты көрсетіледі. Осының кесірінен сапасыз АТШ жасау фактілері жаппай белең алды. Белгіленген талаптардан ауытқи отырып жасалған сапасыз техникалық шарттар азаматтардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп-қатер төндіреді.

Сорақысы сол, бұрынғы Үкімет жыл өткен сайын саладағы жағдайды тек нашарлата берген. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 2020 жылғы 20 желтоқсанда «Құрылысқа арналған жобалау құжаттамасын әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі және құрамы» мемлекеттік нормативіне өзгеріс енгізген бұйрық қабылдады. Оған сәйкес, шарттарды қарау функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілген.

Осыдан кейін АТШ-лар сапасы ары қарай құлдырады. Себебі жергілікті әкімдіктер мен басқарма бөлімдер көбінесе мүдделі тарап болып саналады: олар өз ­өңіріндегі түрлі құрылыс объектілеріне тапсырыс береді. Бұл ретте «бармақ басты, көз қысты» әрекеттермен, сыбайлас жемқорлық фактілері бой көрсетіп тұратыны жасырын емес. Сонымен бірге жергілікті уәкілетті орган тарапынан бақылаудың болмауы қауіпсіздік деңгейінің одан ары төмендеуіне әкелген.

Төтенше жағдайлар ведомствосының мәліметінше, жобалау ұйымдары АТШ әзірлеу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белгіленген нормалардан қасақана ауытқуды жаппай әдетке айналдырды. Жасыратыны жоқ, қолданыстағы құрылыс нормалары барлық құрылыс түрлерін қамти бермейді. Содан нормасы жоқ болса, АТШ әзірленеді. Бірақ бизнес еркін өркендеуі керек деген ұранмен бақылаушы-қадағалаушы органдардың аяқ-қолы матап тасталды да, жергілікті шенеуніктер бақылаудың жоқтығын пайдаланып, тіпті нақты нормативтері қарастырылған нысандарға да АТШ әзірлейтінді шығарған. Мамандардың айтуынша, бұл белгіленген талаптарды орындаудан жобалау сатысында жалтарып кету үшін жасалады. Салдарынан Қазақстанда өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін жаңа ғимараттар саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады.

 

КИЕЛІ ҚАЛАҒА КЕСІРЛІ ТІРЛІК ЖАРАСПАЙДЫ

Осы орайда өңірлерде жергілікті шенеуніктердің «қулыққа» барып, айлакер схеманы жолға қойғаны әшкереленді. Оның бетін өрт ашты. Мысалы, былтырғы жыл соңында, 2021 жылғы 4 қазанда Түркістан қаласындағы жаңадан салынып жатқан ауруханада өрт болған. Осы фактілердің материалдарын зерттеу барысында аталған нысан үшін «Түркістан қаласында 7 қабатты көп бейінді аурухананы салу және пайдалану» атты арнайы техникалық шарт әзірленгені анықталды. Құжатқа 2021 жылғы 10 қыркүйекте қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімі келісімін берген. Бұған алматылық жекеменшік, шағын сараптама ұйымының «аталған объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетінін» «растаған» сарапшылық қорытындысымағы негіз болыпты. Алайда біріншіден, министрліктің мамандары аталған АТШ жалған екенін, себебі нысанда о бастан өрт қауіпсіздігі талаптары өрескел бұзылғанын айқындады. Екіншіден, Қазақстанда 9 қабатқа дейінгі ауруханаларды жобалауға қатысты белгіленген нормалар онсыз да бар, ендеше түркістандық алып аурухана үшін арнайы техникалық шарт әзірлеудің еш қажеттілігі жоқ-тын.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, қалада шенділердің басқа да айла-шарғыларының бүге-шігесі белгілі болды. ТЖМ мамандарының қолына Түркістан қаласындағы әкімшілік ғимараттың АТШ-сы түсті. Республикада биіктігі 50 метрге дейінгі (қоса алғанда) әкімшілік ғимараттарды жобалауға арналған нормалар мен талаптар бар. Дегенмен әкімдік ғимараты одан сәл асып кетті: АТШ-дағы нысан сипаттамасында оның биіктігі 51,5 метрді құрайтыны жазылған.

«Бұл нысанға арнап, АТШ әзірлейтіндей, оның басқа бірегей, дара сипаттамасы болмады. Бұдан шығар қорытынды: құрылыс нормаларының талаптарынан жалтаруға мүмкіндік жасау үшін бұл ғимараттың биіктігі қасақана 1,5 метрге өсіріп көрсетілген. Мұның сыртында Түркістан қаласында 7, 9, 12 және 20 қабаттық тұрғын үйлерді салу үшін 2021 жылғы маусымда «Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 5, 7, 9, 12 және 20 қабаттық 60 тұрғын үй құрылысы (әкімшілік ғимараты бар 20 қабаттық тұрғын үй)» АТШ-сы әзірленген. Бірақ ол тұрғын үй кешені үшін арнайы техникалық шарт жасау негізсіз. Өйткені биіктігі 75 метрге дейін баратын көп қабатты тұрғын үйлерді жобалау үшін «3.02- 01-2018 Көппәтерлі тұрғын үй ғимараттары» атты Қазақстанның құрылыс нормалары қолданылады» делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдемесінде.

Шенділердің нормалардан ат-тонын ала қашып, АТШ-ларға бой ұруының себебі неде? Оған қалағанын жаза алады. Мысалы, нормаға сәйкес, тұрғын үй-жайлар бүгінде дербес оптикалық-электрондық түтіндік өрт хабарлағыштармен жабдықталуы тиіс. Бұл құрылыс компаниясынан едәуір шығынды талап етеді. Ал түркістандық АТШ-да көпқабатты тұрғын үйлерді түтіндік өрт хабарлағыштармен, жарық-дыбысты дабылдармен жабдықтау талаптары болмаған. Сондай-ақ тұрғын үй кешенінің 15-қабатта сәнді терраса жобаланған, ал АТШ аясында тіпті эвакуациялауды жүргізу іс-шаралары да қарастырылмапты.

 

ЖЫЛ САЙЫН 400-дей САУДА ОРНЫ ӨРТЕНЕДІ

Мұндай жағдай тек Түркістан облысында ғана емес, барлық өңірінде қалыптасқан. Министрліктің тұжырымдауынша, нысандарды жобалау, салу және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын елемеу қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Hсіресе, адамдар көп жиналатын нысандарда өрт туындаса, оның соңы ауыр зардаптарға соқтырмақ. 2021 жылғы 2 қазанда Нұр-Сұлтандағы «Алтын төре Астана» ЖШС-нің «Универсам» сауда үйінің ғимаратында өрт шықты. Нысан автоматты өрт дабылмен, спринклерлік өрт сөндіру, түтінді жою және хабардар ету жүйелерімен жабдықталған, бірақ олары ақаулы, істемейтіні анықталды.

2021 жылғы 19 желтоқсанда Ақтаудағы 16 қабатты «Florence» тұрғын үй кешенінің мансард қабаты өртеніп кетті. Сол жылы іске қосылған ғимарат өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұза отырып, пайдалануға берілген. Өрт автоматикасы мен түтін жою жүйелерінің монтажы аяқталмаған, ішкі өрт крандары ақаулы болған. Биыл Ақтөбе қаласында «Паравоз» монша кешені өртеніп кетті. Оның автоматты өрт дабылы істемеген. Сала былықтан аяқ алып жүргісіз.

Сондықтан жаңа реформа аясында азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға – ТЖМ-ге нормалары мен қағидалары жоқ нысандар үшін жасалған арнайы техникалық шарттарды қарау құзыретін беру ұсынылып отыр. Бұл – қайта жеңіл түрі. Батыстың дамыған елдерінде, мысалы, АҚШ-та өрт сөндірушілер өрт қауіпсіздігі сақталмады деп санаса, жобалаудан бастап, салудың кез келген сатысында құрылысты тоқтатып тастай алады.

Ал бізде құрылыс олигархтары төтенше жағдай мамандарына алдын ала құжаттарын да көрсетпейді. Енді бұл тиімсіз тәжірибе жойылып, жобалау сатысында аталған шарттарын ТЖМ-мен келісуге міндеттелетін болады. Бұл құрылыс компанияларының жергілікті әкім қаралармен бірігіп, белгіленген талаптарды айналып өтуіне тосқауыл қоюы тиіс.

 

КЕЛЕР ЖЫЛДАН БАСТАП ЖАҢА ТЕТІК ЕНГІЗІЛЕДІ

Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында АТШ-ны қарау және келісу жөніндегі функция «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл жерде министрлік осыған жауапты мемлекеттік инспекторлардың үстінен бақылауды күшейту шаралары қолға алынатынын уәде етті.

Жобалаушы маман Нұрасыл Боранбай ТЖМ-нің бастамасы нысандарды іске қосу мерзімдерінің бұзылуына соқтыруы мүмкін екенін айтады. Өйткені меморган АТШ-ға келісу не одан бас тарту туралы шешімді 30 күн ішінде қабылдайды деп бекітілмек. Егер бас тартса, соған негіз болған кемшіліктер жойылғаннан кейін ғана құжаттар келісуге қайта ұсыныла алады. Онсыз құрылыс алға жылжымайды. Яғни, нысанды жобалау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандар құрылысын уақытында бастап, мерзімінде аяқтай алмай қалуы мүмкін.

Маман арнайы техникалық шарттар (АТШ) негізінен, «Абу Даби Плаза», «Хан Шатыр» және басқа да ортақ нормаға көнбейтін бірегей нысандарды салу кезінде әзірленетінін еске салды. Ондай жобаларды әдетте шетелдік белді сәулетшілер, халықаралық құрылыс алпауыттары жүзеге асырады. Егер ТЖМ бюрократиясы қарқын таныта алмай, қолбайлау болса, онда бұл елдің бедел-имиджіне дақ түсіруі де ғажап емес.

Қалай болғанда, өрт қауіпсіздігі саласында жылдар бойы қордаланған проблемаларды ары қарай бықсыта бермей, олардан арылған жөн-ақ.

Әйтпесе, Қазақстанда тек сауда нысандарында ғана орташа есеппен жыл сайын 400-ге жуық өрт шығады екен. ТЖМ мамандарының есептеуінше, олардан мемлекетке, халыққа және бизнеске орта есеппен 700 миллиард теңгедей шығын келеді. Бұған адам шығыны мен оқыс оқиға мүгедектеріне берілетін жәрдемақыны қосыңыз. Сондықтан бір-екі бірегей нысан үшін халықтың басын бәйгеге тікпеген, өрттен қорғануды кешенді нығайтқан абзал.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.