Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мектеп мәселесі де жиі қозғалады. Былтыр еліміз бойынша 1 сыныпқа 380 мың оқушы барса, биыл бұл көрсеткіш 400 мыңнан асыпты. Яғни, жыл өткен сайын мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар саны артып келеді. Ендеше мектеп салу да қарқынды жүргізілуі керек. Алайда құрылысқа келгенде жобалар жүрісінен жаңылып, талай нысан уақытылы аяқталмайды. Мектеп құрылысының мерзімінен кешігуіне мердігер кінәлі ме? Жаңа мектептің құрылысына тікелей облыстық әкімдіктер жауап береді. Алайда құрылыс ұзаққа созылып кеткен кезде барлық мәселе мердігерлердің кінәсінен болып шығады. Елімізде құрылысы бір неше жылға созылып келе жатқан мектептер баршылық. Мердігерлердің бірі құрылысты орта жолда тастап кетсе, бірі созбалаңға салып әлі жүр. Тіпті, бюджеттен бөлінген қыруар қаржы жетпей де қалады. Айталық, Түркістан облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсібалиевтің айтуынша, биыл өңірде 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге жалпы 20,5 млрд теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 21 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде бес нысанды қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Дегенмен кейбір мектептің құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатқандығы да мәлім болды. Жұмысын кешіктіріп жатқан мердігерлер де бар. Оларға тиісті айыппұл салынды. Жетісай, Қазығұрт және Отырар ауданда рындағы 3 мектептің құрылысы жосықсыз мердігерлердің кесірінен тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстарын жандандыру ісі келесі жылға қалдырылып отыр, – дейді Т.Үсібалиев.ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ҚЫМБАТТАҒАН Бұл мәселе басқа өңірлерде де кездеседі. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында балалар жаңа оқу жылында қайтадан тозығы жеткен мектептің табалдырығын аттауы мүмкін. Өңірдегі Щапов ауылында 400 орындық жаңа мектеп алдағы қыркүйек айында тапсырылуы тиіс еді. Әйткенмен мердігер компания межелі уақытта құрылысты аяқтап үлгермейтін болды. Олардың айтуынша, жобада кейбір шығындар ескерілмеген. Бұған қоса, материалдардың бағасы 27 пайызға дейін қымбаттап кетуі жығылғанға жұдырық болған.
– Тиісті жұмыстардың 90 пайызы орындалды. Енді ғимараттың ішкі жұмыстары қалды. Төсеніштерді төсеп, есіктерді орнату қажет. Алайда қаражаттың жетіспеуі қолбайлау. Жобада қосымша 120 миллион теңге ескерілмеген, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Виталий Кузнецов.Шынымен де, биыл құрылысы жаңа оқу жылына дайын емес мектептер саны күрт көбейген. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етіп отыр. Бірақ облыстық құрылыс басқармасы былтыр 30 сәуірден кейінгі конкурстарды жеңіп алған мердігерлерге бюджеттен қосымша қаржы бағытталмайтынын айтып отыр.
– Өйткені компаниялар ол уақытта құрылыс материалдары қымбаттап жатқанын білді және біле тұра конкурсқа қатысты. Сондықтан жоспарланған есепке сәйкес жұмысын жүргізуі қажет. Ал мамыр айына дейінгі конкурстарды жеңіп алып, кейін қиындыққа тап болған 7 компанияның өтінішін қабылдадық. Жыл соңына дейін оларға 1 млрд 200 млн теңге төленеді, – дейді облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.Құрылыс материалдарының қымбаттағанын Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова да растап отыр. Оның айтуынша, биыл 220 орта білім беру мекемесін пайдалануға беру жоспарланған. Оның 148-ін жыл соңына дейін тапсыру жоспарланса, қалған 72 мектеп 1 қыркүйектен бастап оқушыларды қабылдауға дайын болуы тиіс. Алай да бүгінде тек 15 мектептің дайындық деңгейі 90 пайызды құрайды.
– Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Ақтөбе облыстарында құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқаны байқалады. Бұған құрылыс заттарының күрт қымбаттауына байланысты қаражат тапшылығы себеп болып отыр. Қаңтар айынан бері материалдар 50-ден 70 пайызға дейін қымбаттаған. Соның салдарынан жобалық-сметалық құжаттаманы қайта бекітуге тура келеді. Ал бұл жұмыс құрылыс барысын және мектептердің уақытылы пайдалануға берілуін кешіктіреді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.МЕРДІГЕРДІҢ ЖАЗАСЫ ЖЕҢІЛ Құрылыс материалдарының қымбаттауы мердігерлердің кінәсін толық ақтамайды. Өйткені елімізде жыл сайын жаңа оқу жылына қалып, құрылысы 6 жылға созылып келе жатқан мектептер де бар. Көкшетаудағы 410 орындық үш қабатты мектептің құрылысы 2016 жылдың күзінде басталған. Сол сәтте жергілікті билік пен мердігер компания мектепті 2017 жылы-ақ пайдалануға беруді уәде етіпті. Алайда олар 6 жылдан бері сол уәдесін орындай алмай келеді. Ендеше құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуіне әкімдік те жауап беруі керек. Себебі тендер өткізіп, бюджеттен қаржы бөлінген соң мердігердің жұмысын тікелей қадағалап отыру жергілікті әкімдіктің құзыретінде. Дегенмен мердігерлер «биыл бітіреміз» деген құрғақ уәдемен уақыт өткізе береді. Осылайша, құрылыс жұмыстары кейінге қалып, зардабын ата-ана мен оқушы тартады. Былтыр Жамбыл облысының әкімі жүгенсіз кеткен мердігерлерге айыппұл төлетті. Қордай ауданындағы 150 орынды мектептің құрылысына жауапты болған «Шұғыла-2002» ЖШС-іне 1,2 миллион теңге айыппұл салынған. Ал Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектептің құрылысын жүргізген «Тебер дастройсервис» ЖШС-іне 312,6 мың теңге көлемінде айыппұл белгіленген. Бірақ болмашы айыппұл мердігерлерді сабасына түсірмеген сыңайлы.
– Біз жаңа оқу жылына дейін барлық мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы керек деп ескерткенбіз. Балалар жаңа оқу жылында өз мектептеріне баруы тиіс болатын. Алайда кейбір мектептердегі жұмыстар сын көтермей отыр. Неге жауапсыз мердігерлердің кесірінен балалар басқа мектепке қатынауы керек? Оларды бақылауда ұстауға тиіс басшылар неге немқұрайлылық танытады? – дейді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.Қыркүйектен кешіккен құрылыс жұмыстары көп жағдайда қыста аяқталады. Мердігерлер «тапсырсам» болды деп құтылуға асығады. Ал ата-аналар тарапынан бекітілген кестеден кешігіп, құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде орындалған соң сапаға қатысты мәселелер де жиі туындайды. Білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, әкімдік көп жағдайда кінәні мердігерлерге артады. Бірақ мердігерлердің артында кімнің тұрғаны түсініксіз. Құрылыс компанияларының артында беделді адамдардың да тұруы мүмкін. Сондықтан заң бәріне ортақ болуы керек. Мердігерлер жұмысына жауап бере алмаса, айыппұл төлеп қана құтылмай, келесі тендерге қатыспауы қажет.
– Биыл мектептер құрылысының мерзімінде аяқталмауы жергілікті биліктің Оқу-ағарту министрлігіне жасап отырған қарсы әрекеті болуы мүмкін. Өйткені былтырдан бастап аудандық білім бөлімдері тікелей облыстық әкімдікке қарады. Осылайша, аудандық әкімдіктердің құрығы қысқарып қалды. Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Егер ел бойынша көп мектеп дайын болмай шықса, министрдің жүргізіп отырған жаңа жүйесіне қауіп төнуі мүмкін, – дейді Өмір Шыныбекұлы.Жалпы, Үкімет 2025 жылға дейін елімізде 1,2 млн оқушыға арналған 1080 мектеп салынады деп жоспарлап отыр. Алайда құрылыс саласындағы мердігерлердің мәселесін бір жүйеге келтірмейінше, 1080 мектептің 2025 жылы салынып бітуі екіталай.