Биыл Жетісу облысында 480 тоннадан астам жидек жинау жоспарланыпты. Осы көлемнің тең жартысы құлпынай мен таңқурай. Ортақ істе Ескелді ауданының бағбандарының үлесі қомақты. Мәселен, 10 жылдан астам уақыттан бері жерден ризығын теріп, құлпынай мен таңқурай өсіретін Лазаренколар отбасы күніне шамамен 700-800 келі құлпынай, екі күнде бір рет 100-150 келі таңқурай жинайды.
Любовь Лазаренконың айтуынша, үлкен әулеттің жермен жұмыс істеуге деген ынтасын оятқан қайын атасы Петр Андреевич. Ол бүкіл өмірін колхоздың жұмысына арнапты, кейін пайға жер алып, жеміс-жидек өсіре бастаған. Кейін бұл кәсіпті балалары жалғастырған, олар отбасын құрып, жеке шаңырақ көтергеннен соң да бүкіл әулеттерімен осы іске ден қойған. Қазір бос жатқан жер жоқ, бәрінде жеміс ағаштары мен жидектер өсіп тұр. Оның ішінде басым бөлігін құлпынай мен таңқуарай алады. Лазаренколар интернеттің көмегімен бағбандыққа қатысты көп нәрсе үйренгендерін айтады.
– Біз негізінен құлпынай мен таңқурай өсіреміз. Жидектер пайдалы әрі дәмді болғанына қарай бапты көп тілейтін кірпияз өсімдіктер. Сондықтан оны барынша күтіп-баптау керек. Қазіргі кезде құлпынай 2 гектар жерде. Біз «Альбион» десерт сортын өсіріп отырмыз. Оның жемісі нәрлі, жұпар иісті, шыдамды. Өнімді мамырдың басынан бастап қара күзге дейін береді. Ең бастысы, дәмі тамаша, өнімділігі мол, жақсы сақталады, тасымалдауға да қолайлы, формалары да көз тартады, сопақ түрі де, жүрек тектесі де бар, – дейді Любовь Лазаренко.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы