Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі бойынша күдіктілер қамауға алынды, – деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. «НеМолчиKZ» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында 16 жастағы қыз 10-қабаттағы терезеден секіріп кеткені туралы хабарлады. Ол ағаштардың үстіне құлаған соң аман қалған, бірақ қатты зардап шеккен.«Күдіктілер қамауға алынды. Полицейлер кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі, 121-бабының 3-1-бөлігі және 105-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«Бойжеткенді алаяқтық жолмен пәтерге кіргізіп, зорлаған, ол бұл жағдайды көтере алмай терезеден секіріп кеткен. Ең сорақысы, қыз жетім, павлодарлық Жастар үйінің тәрбиеленушісі. Бізге оның үлкен әпкесі, жақында ғана кәмелеттік жасқа толған әпкесі хабарласты», – деп жазылған хабарламада.Оның айтуынша, 2009 жылдан бері екібастұздық қыздар әртүрлі балалар үйінде тұрған. Олардың анасы 2010 жылы ата-ана құқығынан айырылған, 2012 жылы анасы қайтыс болған.