Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Хосе Анхел Гурриамен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Тараптар Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы байланыстардың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын енгізуге, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысында аталған беделді ұйыммен белсенді ықпалдастықты жалғастыруға баса мән беретінін айтты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Қазақстанмен арадағы көп жылғы табысты ынтымақтастығын жоғары бағалады. Хосе Анхел Гурриа Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 24 қаңтардағы Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзіне ерекше мән беріп, онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстары мен кеңестері ескерілгенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Мюнхенге жұмыс сапары барысында Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевпен кездесті. Кездесуде мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, коммуникация, ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ықпалдастық жайында әңгімелесті. Тараптар Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін теңіз арқылы шектесетін елдердің өзара ынтымақтастығы арта түскенін айтты. Сонымен қатар олар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзірбайжанның қарым-қатынастарына оң баға беріп, екі ел арасындағы тауар айналымының артып келе жатқанын атап өтті. – Мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты байланыс жоғары деңгейде дамып келеді. Бауырластыққа және достыққа негізделген ынтымақтастығымыз одан ары нығая береді деп сенемін, – деді Ильхам Әлиев. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.