Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Корея Республикасына ресми сапармен барды
Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Корея Республикасына ресми сапармен барды
288
оқылды
15-17 тамызда Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Корея Республикасына ресми сапармен барды. Сапар аясында Қайрат Мәми Корея Конституциялық сотының төрағасы Намсеок Ю мырзамен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар қазақ-корей қарым-қатынасы серпінді дамып жатқанын атап өтті. Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми азаматтардың, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және Бас прокурордың өтініш жасау құқығымен Конституциялық соттың құрылатынын ерекше атап өтіп, елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы хабардар етті. Өз кезегінде Намсеок Ю мырза Корея Қазақстандағы оқиғаларды қызығушылықпен бақылап отырғанын атап өтіп, кездесу екі ел арасындағы оң қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді. Төрағалардың екіжақты кездесуінен кейін Корея Конституциялық соты судьялары мен аппаратының жауапты қызметкерлерінің қатысуымен талқылау кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл сапардың конституциялық іс жүргізу саласындағы жаңа тәсілдерді зерделеудегі, сондай-ақ құқықтық саладағы тәжірибе, ақпарат және жетістіктермен алмасудағы маңыздылығына ерекше назар аударылды. Азиялық Конституциялық соттар мен оған теңестірілген институттар қауымдастығын одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Қайрат Мәми Кореяның Конституциялық сотында орналасқан Қауымдастықтың зерттеулер және даму жөніндегі хатшылығына барды. Оның басшылығымен жыл сайын қазақстандық өкілдер де қатысатын ғылыми конференциялар мен зерттеу жобалары өткізіледі. Конституциялық Кеңестің төрағасы Хатшылықтың ғылыми-зерттеу қызметін және оның қауымдастықтың жарғылық мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Кездесу соңында тараптар өзара тиімді әріптестік қағидаттарына негізделген, Қазақстан-Корея қатынастарын одан әрі нығайтуға қызмет ететін ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігін атап өтті.