Түркістан облысында әйелін балаларының көзінше ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
Түркістан облысында әйелін балаларының көзінше ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
© stan.kz
1,203
оқылды
Түркістан облысында әйелін балаларының көзінше ұрып өлтірген ер адам 17 жылға сотталды. Ордабасы ауданының тұрғыны 15 жыл отасқан жарының аузына арақ құйып, қарсыласқан кезде төрт баласының көзінше тепкілеп өлтірген, – деп хабарлады КТК телеарнасы. Анасынан айырған әкесіне сот үкім шығарған кезде кәмелетке толмаған балалары сот залында төбесін де көрсетпеді. 43 жастағы Әбибулла Мамешовтің мұндай жауыздыққа баруына ішкілікке салынғаны және қызғаныш себеп болған. Яғни үнемі ішетін ол «біреумен жүресің» деп әйеліне үнемі тиіскен. Тіпті бала-шағасының көзінше талай рет соққыға жығыпты. Соңғы рет сәуір айында үйіне келе сала, жары Үкіләй Сартаеваны сабап тастаған. 38 жастағы әйелінің басынан шөлмекпен ұрып, үстіне секіріп қабырғасын сындырған. Осы жауыздығы үшін 17 жылға кесілген ол жазасымен келіспейтінін жеткізді. Өз кезегінде жәбірленушілер де кемі 25 жылға сотталсын деп апелляциялық шағым түсірмек. Ал үлкені 15-те, кенжесі 8 жастағы төрт бала ата-әжесінің қолында қалатын болды.
- Мамешов Әбибулла Хайруллаевич ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленіп, қолданылған күзетпен бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылып, жазасын өтеу мерзімі 2022 жылғы 29 сәуірден бастап есептелсін, – деді Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қасым Қалмағамбетов.