Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Президент резиденциясында 130 қару, оның ішінде 21 гранатомет жоғалған. Бұл жайында Бас прокуратура мәлімдеді.
«Құқық қорғау органдары ғимаратына жасалған шабуылдар нәтижесінде 1 259 қызметтік қару, оның ішінде автомат, тапанша және гранатомет ұрланған», – деді Бас прокуратураның бірінші қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов.Оның айтуынша, тәртіпсіздіктерден кейін резиденцияда 130 қару мен оқ-дәрі жетіспеген. Алматы облысында Полиция департаменті ғимаратынан 53 пулемет, 367 тапанша, 1 гранатомет, 23 мыңнан аса оқ-дәрі ұрланған. Жамбыл облысында – 200 автомат, 148 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық оқ-дәрі қолды болған. Қазір барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жүйелі түрде қару-жарақ жасырылған қоймалар табылып, оған қатысы бар тұлғалар анықталуда. Осы күні 481 қару табылған. Бұл ұрланған арсеналдың үштен бірі ғана. Қалғаны әлі қылмыскерлердің қолында екені айтылды.