Ұлттық жобадан ұтарымыз көп
Ұлттық жобадан ұтарымыз көп
420
оқылды
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» жобасы. Бұл құжатты Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Сауда және интеграция, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері атсалысты. Ұлттық жоба негізгі үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – шикізаттық емес секторға инвестициялардың өсуі, сондай-ақ құн жасаудың жаһандық және өңірлік тізбектеріне кіру негізінде экономиканы әртараптандыру. Екінші бағыт – өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру арқылы халық табысын өсіру. Үшінші бағыт – төмен көміртекті даму трендін ескере отырып, ЖЭК базасында электргенерацияның озық дамуы. Осы негізгі бағыттардың ішінде кіші 5 бағыт, 6 негізгі міндет және 13 көрсеткіш қарастырылған. Соның ішінде «Индустриялық-инновациялық даму» бойынша екі негізгі міндет айқындалды. Атап айтқанда, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту және өндіріс көлемін ұлғайту мен өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту.
«Бұл үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға арналған шығындарын өтеу жөніндегі кешенді шаралар әзірленетін болады. Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесі жоғарлайды деп күтіліп отыр. «Өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту» міндеті шеңберінде ағаш өңдеу, фармацевтика, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, қара және түсті металлургия және т.б. салаларда бірқатар индустриялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Бұл ретте республикалық деңгейде 50 негізгі жоба айқындалды», – дейді Ұлттық экономика министрлігінің Экономика салаларын дамыту департаментiнiң директоры Олжас Сыздыков.
«Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту» бағыты бойынша сыртқы сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы өндірістері енгізілетін болады. 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 360 мыңнан 2 млн тоннаға дейін 5 есеге ұлғайып, экспорт 9 есеге артпақ. Ал геологиялық барлау саласын дамыту инвестициялық тартымдылықты арттыруға және геологиялық материалдарды сақтау мен өңдеу бойынша қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Аумақтың геологиялық зерттелуін қамту 683,9 мың шаршы шақырымға ұлғаяды. Бір қор қоймасы, 2 керн қоймасы салынады және 4 керн қоймасы жөнделетін болады. Төртінші бағыт экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында энергетикалық кешенді жаңғыртуды көздейді. 2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту есебінен 5 404 МВт қосымша қуаттарды, оның ішінде 2 400 МВт ЖЭК қуаттарын, 1 400 МВт бу-газ қон дырғыларын және 1 604 МВт іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары арасында екінші тізбек (220 кВ) салынбақ. Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының үлесі 6 пайызға жетеді. Жобаларды іске қосу экономиканың электр энергиясына қажеттілігін 120 млрд кВт/с дейін өтеуді қамтамасыз етеді. Шикізаттық емес экспортты ілгерілету бағыты бойынша оның көлемін 41 млрд АҚШ долларға дейін өсіру міндеті шешілетін болады. Бұл үшін жаңа экспорттаушыларды өсіруге және жұмыс істеп жатқан экспорттаушылардың құзыреттерін арттыруға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын дамыту жалғасады. 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар 350-ге жуық экспорттаушыны электрондық сауда платформаларына шығару жоспарда бар. Мемлекеттік эталондардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін сынақ зертханалық базаларының 30 пайызы (250-ден астам) жаңғыртылатын болады.
«Экспорттаушыларды сыртқы нарықтарға ілгерілету мынадай шаралар есебінен қолдау табады. Экспорт алдындағы және экспорттық қаржыландыру; сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру; экспорттаушылардың шығындарын өтеу; экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу. Нәтижесінде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14-тен 29 млрд АҚШ долларына ұлғаяды. Көрсетілетін қызметтер экспортының өсуі 2,4 есені (5-тен 12 млрд АҚШ долл.) құрады», – дейді министрлік өкілі Олжас Олжабайұлы.
Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Құжатты іске асыру нәтижесінде 2025 жылы мынадай нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу болады. 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, еңбек өнімділігі 20 пайызға өседі. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемінің 1,5 есеге ұлғайып, шикізаттық емес экспорттың 41 млрд АҚШ долларына дейін екі есеге көбейеді. Ұлттық жоба Жалпыұлттық басымдықтарды және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын іске асыру үшін жасақталды. Әрі ол сол межеге қарай орнықты экономикалық өсуді 5 пайыздан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.